Қазақстандық тағы бір азамат Сирияға соғысқа кеткен. Бұл жолы Оңтүстікте тұратын 44 жастағы азамат өзімен бірге отбасын да ала кетіпті. Ресми орган өкілдерінің айтуынша, қақтығысқа кеткен жанұяның отағасы ауылдағы мектепте мұғалім болып қызмет істеген екен.
Сирияға соғысқа аттанған Мәуленовтер отбасы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қазығұрт ауданында тұрған. Отағасы осы ауылда туып-өсіп, осында тіршілік етеді. Жұбайы екеуі өмірге алты бала әкеліп, тәрбиелеп отырған. Көршілердің айтуынша, Мәуленовтер отбасы орта жанұяның қатарында болыпты. Ел қатарлы еңбек етіп, соған сәйкес күн көрген. Той-жиындарда жұрттың қуанышымен бөлісіп жүріпті.
Салима, көршісі: «Ештеңе айтпайтын ондай. Өзіміз сияқты адамдар. Бізбен араласатын. Той-думандарға бірге баратын. Гәп ойнайтынбыз. Ешқандай ерекшелік байқамадық.»
Марат Мәуленов ауылдағы негізгі мектепте орыс тілі және әдебиет пәнінен сабақ берген. Ташкенттегі жоғары оқу орнының түлегі өз ісінің нағыз маманы болған. Мектеп ішіндегі сайыстарда жоғары жетістіктерге де жеткен екен. Сол үшін білім ұясының басшысынан алғыс хат алған. Мектеп директорының айтуынша, Марат соңғы рет жұмыс орнына 29 тамыз күні келген. Өз еркімен жұмыстан шығу жөніндегі арызын директордың хатшысына тастап кетіпті. Содан бері ол азаматты ауылдан ешкім байқамаған.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=zQ2h2DYLONk[/youtube]
Бақадыр Таушаев, мектеп директоры: «Ондайын байқаған емеспіз. Енді, былай, намаз оқитынын, мешітке баратынын сырттай білетінбіз. Қандай ағымда екенінен өзімнің хабарым жоқ. Бар білетініміз сол. Белгісіз бағытта кеткен. Қайда жүргенін білмейміз.»
Қазір Мәуленовтер отбасының үйінде ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Істің аса құпиялығын ескерген құзырлы орган өкілдері тілшілерге тіс жарып ештеме айтпады. Тек, тергеу жүріп жатқанымен шектелді.
Бір өкініштісі, сұм соғысқа кеткен отағасы өзімен бірге алты баласы мен жан жарын ала кеткен. Оның ішінде емізулі сәбиі де бар. Тек үлкен ұлын қалдырып кеткен деген мәлімет бар. Қазір мұғалімнің нақты қайда кеткені туралы ресми мәлімет айтылмауда. Құзырлы орган мамандары мәселенің мән-жайын анықтауға кірісті.
Дереккөз: «Еуразия» телеарнасы