Оңтүстік Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта кәмелет жасына толмаған жасөспірімге үкім кесілді. 17 жасар айыпталушы аса ірі көлемде есірткі сатқаны үшін жеті жылға бас бостандығынан айрылды.
Айта өтейік, сезіктіні осы жылдың көктемінде тәртіп сақшылары Воршиловка елдімекенінде ұстаған болатын. Жергілікті тұрғындардың бірі полицияға жасөспірімнің есірткі сатумен айналысып жүргені туралы арыз түсірген. Кейіннен ізіне түскен сақшылар күдіктіні қылмыс үстінде қолға түсірді.
Бозбала жергілікті тұрғындардың біріне 5000 теңгеге ұнтақ тәріздес зат сатқан. Кейіннен сараптамалық тексеру қорытындысы ұнтақтың салмағы 1 грамнан асатын героин екенін анықтады. Бірнеше айға созылған тергеу шаралары барысында сезіктінің қылмысы толығымен дәлелін тапты. Енді ол жеті жыл өмірін тәртіп колониясында өткізетін болады.