Жолы жоқ көше. Бұл — Шымкенттің іргесіндегі елдімекен тұрғындарының бас ауруына айналған өзекті сауал. Мәселені шешу кезең-кезеңімен жүзеге асады деген жауаптылар із-түссіз кеткен. Бұл жолы Бадам көшесінің тұрғындары бас көтеріп, берілген уәденің орындалмағанын айтты. Ағайынға асфальт төселген тасжол қажет.
Карл Маркс бөлімшесіндегі Бадам көшесінің тұрғындары жергілікті билікке өкпелі. Көшеге асфальт төсеу мәселесін көтеріп, бармаған жерлері қалмапты. Бес жыл бойы аудан, қала әкімдігінен бастап прокуратураға дейін арызданғандардың бірі — Тамара Приходько. Айтуынша, шағымы шенеуніктердің құлағына жетіпті. Қалалық жолаушылар және автомобиль жолдары бөлімінен арнайы хат келіпті, мұнда жолдың биыл жөнделетіні туралы мәлімделген екен.
Тамара Приходько: «Құрылысты биыл бастаймыз деген жауап келген еді. Жыл аяқталуға жақын, ал мұнда ешқандай қозғалыс жоқ. Егер мүмкіндік болмаса ашық айтпай ма? Уәде беріп нелері бар?»
Зылиха Жақыпова да осы көшенің тұрғыны. Уәде арқалаған хат бойынша жиын өткенін айтады. Онда жауаптылар жолды биыл емес, келер жылы жөндейміз деп ашық жеткізген көрінеді.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=GGs34jpCfsE[/youtube]
Бадам көшесі тұрғындарының мәселесін шешу тиісті сала мамандарына жүктелген. Бүгінде жобалық-сметалық құжаты әзірленіп қойыпты.
Асылбек Баймырзаев, қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары: «Барлық құжаттарды жинап, депутаттардың қарауына ұсындық. Алдағы сессияда қаржы бөлу жөнінде шешім шығарылса, онда келер жылы құрылысты бастаймыз.»
Бадамда жолдан бөлек балалар алаңшасы да жоқ. Ал балдырғандар қоқыс тастайтын жерде ойнауды әдет еткен. Бұл мәселе де жергілікті атқамінерлерге айтылған. Оның да түйткілі таяуда шешіледі деп сендіреді олар.
Шынар Оразова