Болат Жанәбіл

Оңтүстік Қазақстанда жоғары оқу орнын бітірген жастардың 90 пайызы жұмыспен қамтылуда. Бұл туралы Қазақстан Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің Оңтүстіктегі филиалында өткен брифингте облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Жанәбіл мәлім етті. Оның айтуынша, өңірдегі кәсіптік колледждерді бітірген студенттердің жұмысқа орналасқаны зейнетақы қоры арқылы анықтап, мониторинг жасалады.

Болат Жанәбіл

Білім саласында атқарылған жұмыстарды қысқаша баяндаған Б.Жанәбіл биыл салынып жатқан 104 білім нысанының 49-ы жыл соңына дейін пайдалануға берілетінін айтты. Сонымен қатар облыста 100 білім ордасы күрделі жөндеуден, 697 мектеп ағымдағы жөндеуден өткізілуде.

Брифингте басқарма басшысының міндетін атқарушы Қазақстанның білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Үздік педагог» байқауында облыстың екі педагогы жеңімпаз атанып, әрқайсысына 2 млн теңгеге жуық сыйақы берілгенін хабарлады. Айта өтейік, облыстағы педагогтардың 53 пайызы – жоғары және бірінші санаттағы ұстаздар.  Ал мұғалімдердің  20 пайызы жыл сайын біліктілігін арттыру курстарынан өтеді.

Сондай-ақ биыл өткен республикалық олимпиадада Оңтүстік Қазақстанның оқушылары екі бағыт бойынша жүлделі орындарды иеленсе, 15 мемлекеттен қатысқан VII Президенттік олимпиадада 3-орыннан көрінді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі