Кеңес дәуірінің комсомолдары бас қосты

385

29 қазан – комсомол күні. Бұл мереке ресми түрде аталып өтпесе де белсенділер бас қосып, Ғани Мұратбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қояды. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тапты. Кеңес дәуірінде еңбек етіп, комсомол қатарында болғандар өткен шағын еске алды.

Лениншіл комсомол жастар одағы өз дәуірінің кадр ұстаханасы болды. Талай өрімдей жас жігіттер мен қыздар жастар ұйымында еңбек етіп, үлкен өмірге жолдама алды. Қазақстан комсомолдары туралы айта қалсақ, алдымен Ғани Мұратбаев еске түседі. Өрімдей жастарды қорғап, ұйым құрып, белсенділік танытқан аптал азаматтың еңбегі ешқашан ұмытылған емес. Оны әр жылдың 29 қазанында еске алады.

Бибірабиға Нышанова, зейнеткер: «Ол кездегі тәрбиенің мәні басқа еді. Ол кезде қатаң тәртіп болатын. Адамгершілік қасиет үлкен болатын. Бізде ол кезде бизнес деген мүлдем болмайтын. Ол кезде комсомолдан жақсылап тәрбиесін алатын болсаң, партия қызметіне алатын. Тек қызметтік тапсырмалар орындалатын.»

Қайырбек Сейтқұл, зейнеткер:»Әрине, қазіргі жастарға да көңіліміз толады. Бірақ, саяси тәртіп жетіспейтін секілді. Сәл қаталдау болса, өзге діннің етегінде кетпес еді деп ойлаймыз».

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=0vD92lY-Yp0[/youtube]

Комсомолдың шекпенінен шыққан қоғам қайраткерлері бүгінгі күні де еліміздің болашағы үшін қызмет етіп келеді. Өткенді аңсағанымен, дәл бүгінгідей бостандық болмағанын мойындайды. Тәуелсіз Қазақстанның жастарына қызыға қарайды.

Елбасының бастамасымен құрлыған «Жас ұланның» жеткіншектерін сол кездегі октябрь ұландары мен пионерлерге теңейді. Айтпақшы, «Жас ұлан» ұйымы 2011 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Оның құрамына мектептің әрбір үлгілі оқушысы енген. Өзіндік қағидалары мен ережелері бар.

Бота Қожахметова, тәлімгер:»»Жас ұлан» қатарына қабылданған әр жас оқуда озат болып, өзгелерге үлгі көрсетуі қажет. Тәртібі де саналы болған дұрыс. Ұйымның жұмысын толық түсініп, оның қатарын көбейту үшін жұмыс жасауы шарт.»

Келмеске кеткен кеңес дәуірінің комсомолдары бүгінге ел үшін еңбек етуден жалықпайды. Жастарды патриоттыққа тәрбиелеп, болашағымыздың білімді болғанын қалайды.