Кентау қаласына — 60 жыл!

2042

Кентау қаласының құрылғанына биыл 60 жыл толады. 1955 жылы  бой көтерген кеншілер қаласының атақ-даңқы кен өндіру ісімен тығыз байланысты. Кентаулық аға ұрпақтың әлемді таңдандырған және ешбір ел жаңарта алмаған шапшаң бұрғылау жөніндегі рекорды тарих бетінде алтын әріппен жазылып қалды.

Бұл сол уақыттағы кенші-металлургтердің төгілген тері, қолтаңбасы ретінде кейінгі буынға өнеге болып қала береді. Сондықтан Кентау — қиындықтан тайсалмайтын, еңбектен жиренбейтін нағыз еңбекқор, отансүйгіш, ел мен жердің абырой-беделі үшін тау қопарып, тас тескен елжанды еңбек майталмандарының қалашығы, әлеуеті мықты «кадрлар ұстаханасы» аталды.

Кентау

Бүгінгі Кентау — шағын қалаларды дамыту бағдарламасына енген облыстағы жалғыз қала. Бағдарлама талабы біртіндеп жүзеге асырылып, кен орындары зерттеліп, инвестициялар тартуға, орта және шағын кәсіпкерлікті, әсіресе, өндіріс саласын дамытуға бар күш жұмсалуда. Бағыт-бағдары айқын қала заманауи электр жабдықтарын өндіретін еліміздегі бірден-бір маңызды орталыққа айналып отыр. Мұның барлығын мемлекет тарапынан жасалып отырған айрықша қолдау мен өз қаласын сүйетін кентаулықтардың ерен еңбегінің жемісі.

Кентау

Кентаулықтар биыл тарихқа толы шаһардың 60 жылдық мерекесін атап өтті. Мерекелік шара аясынла тұрғындарға көптеген тартулар жасалды. Кентау трансформатор зауыты қаладағы Сейфуллин № 103 үйді күрделі жөндеп, жас мамандарға тапсырды. 48 жас отбасыға облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды мен қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев баспана кілттерін тапсырды.

Сондай-ақ, қаладағы Абай даңғылында орналасқан «Кеншілер» аллеясы да ашылды. Кезінде кен өндіруден рекорд орнатқан еңбек ерлерінің мүсіндері орналасқан.

Кентау қаласының 60 жылдығына арналған салтанатты жиын күрделі жөнделген Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында жалғасты. Облыс әкімі Б. Атамқұловтың құттықтау сөзін бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды жеткізіп, барша қала тұрғындарын мерекемен құттықтады. Сондай-ақ облыс әкімінің алғыс хаттары мен облысқа сіңген еңбегі төс белгілерін табыстады.

Құттықтау сөзден соң қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев мерекеге келген қала қонақтарына алғысын жеткізіп, Кентаудың келешегі кемел екенін атап көрсетті. 60 жылдық мерейтойға Қазақстанның бас муфтиі  Ержан қажы Малғажыұлы, қоғам және мемлекет қайраткер Болат Жылқышиев, мәдениет қайраткері Тұңғышбай Жаманқұлов қонақта болды. Қала әкімі қонақтарға «Кентаудың 60 жылдық» төсбелгілерін табыстап, құрмет көрсетті.

Сондай-ақ, қаланың дамуына қалаға сүбелі үлес қосқан біршама азаматтарға қаланың құрметті атағы берілсе, ардагер кеншілерге қаланың «60 жылдық» төс белгісі табысталды. Мерекелік шара қаланың өнерпаз жастарының әсем әуендерімен жалғасып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй тарту етті.

Кеншілер қаласының төл мерекесімен тұспа-тұс «Балаби қари» мешіті ашылды. Алла үйі заманауи үлгіде бой көтерген. Медресе мешіттің ашылуы салтанатына бас муфтиі Ержан қажы Малғажыұлы қатысты. Жиылған үш мың адам бас муфтидің уағызын тыңдап, жұма намазын оқыды.