Шымкентік шәкірт көп қабатты үйден секіріп, мерт болды. Өз-өзіне қол жұмсаған оқушы Нұрсәт шағынауданындағы тоғыз қабатты үйден секірген. Біздің түсірілім тобы мән-жайды білмек болып, қаза болған оқушының мектебіне барды. Оқыс оқиға мектеп мұғалімдерін есеңгіретіп жіберген. Олар үлгілі оқушысынан айрылғандарына сенгілері келмейді.
Бұл күн — № 80 мектепте қаралы күн. Оқушысынан айрылған ұстаздар мен құрдасынан айрылған оқушылар есеңгіреп қалған. Өзіне өз қол жұмсаған жеткіншектің достары мен сыныптастары полицейлердің сұрағына жауап беруде. Ал мектеп директорының орынбасары қаза болған оқушының үлгілі болғанын айтып, көзіне жас алды.
Айшагүл Әбдешқызы: «Біздің мектептегі 8 а сынып оқушысы Серік Диастың қазалы жағдайға ұшырағанын қатты көңілге алып отырмыз. Ол өте жақсы оқитын бала, тәртіпті, көңілді жүрген бала ретінде қабылдағанбыз. Достарымен де жақсы арласады. Физика-математикадан тереңдетілген сыныпта оқитын.»
Ұстаздардың рұқсатымен сыныпқа кіруге мүмкіндік берілді. Сыныптастары көңілсіз, қайғыдан қабырғалары қайысқан. Диас 1-қатарда отыратын, оның орыны бүгін бос тұр. Қасында отыратын досы қиын тапсырмаларға көмектесуге ол дайын тұратын жігіт еді дейді.
Мектептің әр бұрышында осы оқыс оқиға бойынша түрлі нұсқалар айтылып жатыр. Біреулер ұнататын қыз үшін өмірін қиды десе, енді бірі оның сабағы төмендегені үшін көңілі түскенін айтады. Өмірінің соңғы сәтінде құрдастарына өзі-өзіне қол жұмсайтыны жөнінде жиі айтқан екен.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=l6UiCaoPaa0[/youtube]
Сыныптасы: «Бізге жексенбі күні өлемін деп айтқан еді. Бірақ біз оған сенбедік, ойын деп ойладық. Дүйсенбі күні көресіңдер деп, ойын қылып күліп айтты ол. Одан кейін осы оқиға болды, сағат 16:30 кезінде.»
Мектеп қабырғасында айтылып жүрген әнгіменің қайсысы рас екенін енді ішкі істер департаментінің қызметкерлері анықтайды. Жұмбақ өлімнің себебін ашуға Қаратау полиция бөлімінің мамандары кірісіп кеткен.
Қозғалған қылмыстық іс бойынша жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Баланың психологиясы неден бұрыс бағыт алғанын сол кезде ғана басып айтуға болады.
Ернар Балабеков