ОҚО алдағы жылу беру маусымына cақадай дайын. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің Оңтүстіктегі филиалында өткен брифингте мәлім болды. Сала мамандарының мәлімдеуінше, өңірдегі 3 256 бюджеттік мекеменің жылу жүйелері толық дайындалған.
Қатты және сұйық отын қоры да жеткілікті. Кентау, Арыс, Түркістан қаларында жылу жүйелері мен қазандықтар жөндеуден өтіп, маусымға дайын. Жылу беру маусымы 1 қарашадан 1 сәуірге дейін, 151 күн деп белгіленіп отыр.
Көп қабатты үйлерге жылу, талаптарға сәйкес, ауа температурасы 5 күн бойы +8 градустан төмен болған жағдайда беріледі. Биылдан бастап жылудың тарифі де көтеріліпті. Тұтынған жылудың бір шаршы метріне тұрғындар 109 теңгеден төлейтін болды.
Дегенмен, облыс бойынша орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілетін 2247 көп қабатты үйдің Шымкенттегі 7-уі осы күнге дейін дайын емес. Жүйеге су толтыру барысында ақаулар орын алғанын мамандар жасырмады.
Батырша Маханов, облыстық ТҮКШ, жолаушылар көлігі басқармасы басшысының орынбасары: «Ташкент тасжолындағы үйдің элеваторы шатырда қысыммен су бергенде құбырлар жарылып кетті.»
Сала мамандардың айтуынша, 3256 бюджеттік мекеменің жылу жүйелері бүгінгі күнге толық дайындалған. Оларға қажетті қатты және сұйық отын қоры жеткілікті. «Қуат жылу орталығы» мекемесіне тиесілі 5,3 шақырым жылу жүйесі биыл жаңаланған. Айта кететін жәйт, болашақта «№3 энергорталығына» қарасты жылу жүйелері коммуналдық меншікке өтпек.
Шынар Оразова