Өңір басшысы Бейбіт Атамқұлов Шымкент қаласындағы құрылысы жүріп жатқан бірқатар нысандарды аралады. Әкімшілік-іскерлік орталығындағы көркем гимнастикаға арналған спорт кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысты.
Көркем гимнастикаға арналған спорт кешені 8 блоктан тұрады. Мұнда спорттық арена, екі көрініс алаңы және 750 көрерменге арналған трибуна бар. Сонымен қатар 4 жаттығу алаңы, хореография залы, дайындыққа арналған жаттығу залдары мен венткамера, буфет, медициналық бекет және егу бөлмесі, спортшылардың киім ауыстыру және жуыну бөлмесі қарастырылған. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары 90 пайызға аяқталып отыр.
Облыс басшысы әкімшілік-іскерлік орталығындағы жаңа тұрғын алабы мен нысандарға жылу беретін, қуаты 160 Гкал қазандықтың да жұмысымен танысты. Мұнда бүгінгі таңда ирригациялық лотоктарды орнату, жарықтандыру және асфальт төсеу жұмыстары толығымен аяқталып, іске қосу жұмыстары пысықталуда.
Қаладағы нысандарды аралау барысында облыс басшысы коммуналдық арендалық 40 үйдің сапасымен танысты. Тоғыз қабатты үйлердің бірінші қабатында кеңселер орналасқан. Әр тұрғын үй 128 пәтерден тұрады.
Қазір Шымкентте 103 көп қабатты тұрғын үй салынуда. Жыл қорытындысы бойынша 4271 пәтерлі 74 тұрғын үй пайдалануға тапсырылады.