Шымкент көшесі

Шымкентегі Шымкент көшесінен шу шықты. Ескі қалашықтың қақ ортасындағы көше тұрғындары шұрқ тесік жолды жөндеп берулерін сұранады. Айтуларынша, көшелері еш уақытта жөнделмеген.

Шымкент көшесі

Шұрық тесік әрі ойдым-ойдым жол — қаланың қақ орталығындағы Шымкент көшесі. Көлік тұрмақ, жаяу жүргінші әзер жүретін көшеде мүлдем жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Осы аумақтан сайланған халық қалаулысы жолды жөндеп беремін деген уәдесін үйіп-төгіп, қарасын көрсетпей кетіпті.

Биыл қала көшелерін ағымдағы жөндеуден өткізу үшін бюджеттен 205 млн тенгеден астам қаржы бөлінген. Сол ақшаға екі компания Шымкентегі көшелерді жөндеуге міндетті екен. Қаражат жыл соңына дейін игеріледі.

Асылбек Баймұрзаев, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары: «Өткен аптада қала күні мерекесіне дейін жол салу жоспарланған болатын. Ауа райының қолаусыздығы кедергі келтірді. Енді алдағы аптада жөндейміз.»

Бұл, әрине, бюджет қаражатының игерілуіне жауапты мамандардың жауабы. Бірақ өздері сайлаған депутатқа алданған жерлестеріміз шенеуніктерге де сенімсіздік танытып, шұрқ тесік жолды тегістеуге қаржы жинап, өздері кірісіп кетті.

Нұрлан Жаңабай