Шымкенттің белсенді жастары 70 литр қан тапсырды. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен қан орталығында «Өзгеге өмір сыйла, донор бол» акциясы өтті. Қан тапсыру шарасына облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов «Жастар орталығы» мекемесінің жанынан құрылған «Бізбен бірге» еріктілер мектебінің 200-ден аса мүшесін бастап барды.
450 мг қан тапсырып, өзгеге көмек қолын созған әр донорға қан орталығы тарапынан 450 теңге берілді. Ал жастар бұл ақшаны балалар үйіндегі тәрбиеленушілерге көмек ретінде жібергенді жөн көрді.
Іс-шараның басты мақсаты – қатерлі дертке шалдыққан жандарға үміт сыйлау, оларға қолдау көрсетіп, жастар бойына мейірімділік пен қамқорлық қасиетін ұялату. Сондай-ақ, донорлар санын көбейту.
Бүгінгі таңда 300-ге жуық қазақстандық сүйек кемістігін трансплантациялауға мұқтаж. Елімізде лейкоз ауруымен 600-ден астам бала ауырса, жыл сайын оның 50-ге жуығы сүйек кемістігін трансплантациялауды қажет етеді. Баланың аурудан сауығуы үшін кем дегенде 500 донордың көмегі керек.
Дәрігерлердің айтуынша, лейкоз дертімен ауыратын науқасқа қажетті донорды табу мүмкін бола бермейді. Сәйкес донор, он мың адамның біреуінен ғана табылуы мүмкін дейді дәрігерлер.
Облыстық қан орталығы мамандарының берген мәліметінше, орталық қорында қан жеткілікті. Облыста күн сайын 60-70 адам өз еркімен қан тапсырады.
Ал дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпарынша, мың адамның қырқы қан тапсырса, әлемде қан жетіспеушілігі болмайды. Сондықтан, денсаулығы жарамды әр азамат қанын тапсырып, өзгеге көмек қолын созуға асығуы керек екен. Айта өткен жөн, қан тапсыру акциясы 16 қазанға дейін жалғасады.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі