Шымкентте жеке үйге қарақшылық шабуыл жасаған күдікті үш адамды пышақтап кетті. Оқыс оқиға Самал-2 шағынауданында болған.
Күндізгі сағат 10 шамасында бетін тұмшалап алған белгісіз біреу жеке баспананың ауласындағы шағын үйден шығып, үлкен үйге кіреді. Бұл кадрлардың барлығы ауладағы бейне-бақылау камераларына жазылып қалған. Бұл кезде үйде 42 жастағы келіншек пен 11 жасар қызы, 18 жасар туыс бойжеткен болыпты.
Үйге кірген күдікті алдымен келіншекті пышақтайды. Ол құлап қалған соң, екінші қабатқа көтеріліп, жатын бөлмедегі жасөспірім мен туысын пышақтап тастайды. Осы кезде ауыр жарақаттанған келіншек сыртқа жүгіріп шығып, көршілерді көмекке шақырған. Сөйтіп сол жерде есін жоғалтып құлайды. Ауладағы шуды естіген қарақшы тез арада қашып кетіпті.
Көмекке келген көршілер ұрыны ұстай алмаған. Дегенмен жедел жәрдем шақырып, пышақ жарақатын алғандар ауруханаға жеткізілді. Туыстарының сөзінше, қазір жарақат алғандардың де дәрігерлердің бақылауында жатыр.
Жүрек тұсынан пышақ жарақатын алған әйелге ота жасалып, ол әлі есін жимаған. Ал үш адамды пышақтаған ұры іздестіріліп жатыр. Әзірге белгілісі ол шағын үйге түн жарымда кіріп, жасырынып қалған болуы мүмкін. Үй иесі баласын алып мектепке кеткенде арам ойын жүзеге асырмақ болған.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=uQfL1JzAU6o[/youtube]
Сондай-ақ, осы арада дәл осы үйге тоғыз ай бұрын да қарақшылық шабуыл жасалғаны анық болды. Ол кезде қарақшылар үй иесінің ұлын өлтіреміз деп қорқытып, қыруар қаражат алып кеткен деген дерек бар. Қазір бұл іспен тәртіп сақшылары айналысуда.
Айнұр Ақбаева