Шымкенттегі ұлттық теннис орталығында халықаралық «АйтиЭф Фьючерс» жарысы жалғасуда. Ерлер арасында жүлде қоры 15 мың, ал қыздар арасында 10 мың доллардың жүлдесі сарапқа салынған бәсекеде 9 елдің спортшылары жүр.
Қазір теннисшілер жарыстың үшінші кезеңіне өту үшін тер төгуде. Ресейден келген Иван Гахов грузин Гийо Цивадземен кездесіп жатыр. Екі спортшы да бірін-бірі жақсы таниды, жарыстарда жиі сынасып тұрады. Бұл жолы грузин теннисшісі жеңіске жетуге сәл қалғанда Иван бірінші сетте жеңілгеніне қарамастан ойын тізгінін өз қолына алды.
Иван Гахов: «Басында ойын біршама тең болды. Бірінші сетте жеңіліп қалсам да өзімді-өзім қайрап, таразы басын теңестірдім. Енді жеңе аламын деп ойлаймын.»
Иван Гахов өзіне жақсы жағымен есте қалған алаңда тағы жеңетініне сенімді. Себебі, кәсіпқой спорттағы алғашқы қадамын дәл осы Шымкенттің теннис орталығында бастап, қанжығасы майланған.
Халықаралық жарыста ұзын саны 70 спортшы бақ сынауда. Олар алыс және жақын шетелден келген. Олармен қоса Қазақстан қомандасының қосалқы құрамы да осында.
Евгений Шайбакулов, Ұлттық теннис орталығының директоры: «Негізінен, спортшылар мұндай жарыстарға жүлде үшін емес, халықаралық дәрежедегі ұпайларын арттыруды көздеп келеді. Осындай турнирлерде рейтинг жасалып, сәтті өнер көрсеткен әр спортшының дәрежесі көтеріледі.»
Бұл жарыс екі аптаға созылады дейді ұйымдастырушылар. Алғашқы жеңімпаздар осы сенбі күні анықталса, чемпионаттың екінші жартысы 12 қазан күні басталады.