2017 жылы Шымкент қаласының ішінде базар қалмайды. Қала ішіндегі сауда орталықтары сыртқа көшіріледі. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Оңтүстік кәсіпкерлерімен өткен кездесуінде хабарлады. Кездесуді облыстық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды.
Қала басшысының сөзінше, бүгінде бірқатар базарлар ішкі жағдайын жақсартып, сәндеп қойған. Алайда, бұл базарлар бәрібір де заман талабына сай емес. Сондықтан қала сыртынан сауда орталықтары салынады.
Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласының әкімі: «Елбасының тапсырмасы бар, заңға да сәйкес өзгерістер енгізіліп жатыр. 2017 жылдан бастап қалаларда базарлар болмайды. Базардың басшыларымен, қожайындарымен сөйлестім. Менің ойымша, олардың бәрі бұл жағдайды түсінеді. Әрекеттер жасалып жатыр. Сауда орталықтары қаланың сыртында соғылады. Базарлардың бәрі сонда көшу керек.»
Осылай деген әкім әйтсе де қала ішінде бір базар қалуы мүмкін екенін айтты. Бірақ, ол сауда орталығы шығыс стилінде жасалады. Ішінде жеміс-жидектер, түрлі тәттілер сатылады. Сауда жасауға барған жұрт базардан жағымды әсерге бөленуі керек.
«Шығыс стиліндегі базарға «Шығыс базары» деген ат қойылады. Өйткені, біздің қала Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. «Шығыс базары» — қаланың көрікті орнына айналуы керек, — деді қала әкімі.
Кездесу соңында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов пен» Ордабасы» индустриалды аймағының басшысы Рысбек Бертаевтың арасында сол индустриалды аймақта құрылыс материалдары сатылатын базар құру туралы меморандумға қол қойылды.
Бүгінде Шымкентте 33 әмбебап базар мен сауда қатары жұмыс істейді. Олардың 11-і ірі базарлардың қатарына жатады.