Шымкенттіктер тәуелсіздік күніне орай «Қазақ елі» мульфильмін ұсынбақ

1439

Шымкенттіктер Қазақ хандығының 550 жылдығына орай елге сый-тарту жасамақ. Қаламыздағы «Сақ» киностудиясы мерейтой құрметіне мультфильм түсіруді бастап кетті. Толықметражды туындыда елдің тарихы, Керей мен Жәнібектің балалық шағы, ондағы хандардың билік құрған дәуірі көрініс таппақ.

Керей мен Жәнібек хандар

Барақ хан
Барақ хан

Барақ ханның бейнесін енді бүкіл ел осылай (суретте) таниды. Оның ханға тән қырағылығы мен тұлғасын, елі үшін еткен еңбегін аниматор Жанәділ Байдарбеков суреттеп жатыр. Маманның сөзіне сенсек, алып кейіпкердің әрбір секундық қимылын жасау үшін кемінде 25 сурет салынады. Ақ орда ханының болмысын дөп жеткізу үшін қылқаламның хас шебері болу жеткіліксіз.

Жанәділ Байдарбеков
Жанәділ Байдарбеков

Жанәділ Байдарбеков, аниматор: «Ханның әрбір қимылын қағазға, компьютерде салмас бұрын оның  образына енеміз, соның қылықтарын жасап көреміз. Рөлді өзіміз ойнап шығамыз. Актер болып, соны жасай отырып, кейіпкерге жан бітіреміз».

«Қазақ елі» мультфильмінің оқиға желісінде Керей мен Жәнібек ханның балалық шағы, ондағы халықтың төл тұрмысы баяндалады. Оларға Қарт батырдың қылышты, қолбасшылықты меңгертуі көрініс тапқан.

Басты кейіпкерлердің Отырарға қаласына барып білім алуы да туындыға еніп отыр. Туындының режиссері Батырхан Дәуренбековтың айтуынша, аталған оқиғалар көпшілікке жәй ғана емес, жаңа жүйе бойынша ұсынылады.

Батырхан Дәуренбеков
Батырхан Дәуренбеков

Батырхан Дәуренбеков, «Қазақ елі» мультихикаясының режиссері: «Мультфильмде біз табиғаттың көрінісін 3D форматы арқылы көрсетіп, қолмен салынған суретпен қосып, қолданып жатырмыз. Мұндай жаңалық Қазақстанда әлі күнге болмаған. Ресейде де қолданылмаған. Бірақ біз қазір осыны қолдан келгенше кәсіби түрде жасап жатырмыз».

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=JTyL5qJbLWU[/youtube]

«Қазақ елі» толықметражды мультихикаясының дайындалуы осыдан 9 ай бұрын басталған. Ол үшін бүгінде 50-ден астам маман күндіз-түні ауысыммен «Сақ киостудиясында» қызмет етуде.

Нұрридин Паттев, «Сақ» киностудиясының директоры: «Кейіпкерлерді дыбыстауға біз Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы театрдың әртістерін шақыртып отырмыз. Туындыдағы «Қарақшы» мен өзге де әндерді  Нұржан Төлендиев және Нұрлан Абдуллин, Сәкен Майғазиев сынды белгілі әншілер орындайды деген жоспар бар».

Керей мен Жәнібек ханның балалық шағы
Керей мен Жәнібек ханның балалық шағы

Айта өтейік, 1 сағаттық мультхикикая жасау жұмыстары желтоқсан айында аяқталып, тәуелсіздік күнінде тұсауы кесіледі деп күтілуде. Одан соң «Қазақ елі» толықметражды туындысы халықаралық байқауға ұсынылады.