Түркістан өңірінде Әл Фараби туралы тарихи фильм түсірілуде

473

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында «2020 жылы Әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтеміз. Мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек» деген болатын. Осыған орай Әбу Насыр әл-Фараби туралы тарихи 10 сериялы телехикаясын түсіру жұмыстары басталып та кетті.

Жалпы Қазақстанда кино түсіріліп жатқан жерлер көп емес. Алматыдан соң біздің өңір екінші орында.

Фильм продюссері, «САҚ» киностудиясының директоры Нуриддин Паттеев мырзаның айтуынша фильм қыс, көктем, жаз мезгілін қамтиды. «Тарихи маңызы бар киноны бірінші рет түсіріп жатқанымыз жоқ. Осыған дейін Түркістан облысы әкімдігінің тапсырысы бойынша облыстық мәдениет басқармасының «Оңтүстікфильм» мекемесімен бірлесіп «Төле би» атты 10 сериялы телехикая түсірген едік. Ал осы әл-Фараби туралы фильмнің түсірілім жұмыстары Түркістан облысы Шаян қаласындағы Аппақ ишанда, Шәуілдірдегі Отырар төбеде, Өзбекстан Республикасындағы Самарқанд, Хиуа жақта өтеді деп жоспарлап отырмыз. Тіпті Сирия астанасы Дамаск қаласына Алла сәтін салса баруды көздеп отырмыз» дейді Паттеев.

Айта кету керек, ұлы ғұлама жайлы тарихи фильм бірінші рет түсіріліп отыр. Сценарийін жазған – Бақытжан Құлжабаев. Ал режиссері, жұрт көңілінен шыққан «Төле би» сериалын түсірген, бірнеше анимациялық фильмнің авторы Батырхан Дәуренбеков.

Бұл – Қазақстан ұлттық телеарнасымен біріккен жоба. Фильмді «САҚ» киностудиясы Шымкент қаласы әкімдігінің тапсырысы бойынша түсіріп жатыр. Тарихи оқиғалар мен киелі орындарды қамтитын аталмыш фильм жобамен қыркүйек айында көрермен назарына ұсынылады дейді фильм түсірушілер.

QAINAR KÓZОңтүстікфильм