Шымкентте кешелі бері толассыз жауған жауыннан тұрғын үйлер мен бірқатар көшелерді су басып қалды. Қатты нөсердің салдарынан Солтүстік-Батыс шағынауданы апатты жағдайға тап болған. Қазір бұл маңайдан адам түгілі арнайы техниканың өзі әрең өтеді.
Таңертеңнен бастап коммуналдық қызметтің күшімен суды сору жұмыстары жүргізілуде. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, атқамінерлер ағайынның ахуалын білуге құлық танытпапты.
Ал алдағы күндері жауын-шашынның маусымы үдей түсетінін ескерсек, мұндағы тұрғын үйлерді одан әрі су басу қауіп басым. Өйткені тура осы төңіректе апатты жағдайға қарсы ешқандай сақтық шарасы қарастырылмаған.
Сондықтан болар, кешегі нөсерден соң төрт бірдей үйдің ауласын су алып кетіпті. Ал оның іргетасына зиян келген-келмегені әзірге беймәлім.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=CYmzBgQegvY[/youtube]
Абай аудандық әкімшілігінің өкілдері бұл проблеманы шешпек түгілі тыңдағысы да келмеді. Ал қалалық комуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары Солтүстік-Батыс шағынауданындағы апатты жағдайға қатысты қазір жоспар құрылып жатқанын жеткізді. Бірақ оған бірінші кезекте қаражат қажет. Бұдан түйгеніміз, топан су кешіп, толарсақтан саз кешкен тұрғындардың түйткілі жуық арада тарқатылмауы мүмкін.
Осылайша сылбыр жүріс сан соқтыратын түрі бар. Жауаптылардың жайбарақат қозғалысы күні ертең тұрғын үйлердің іргетасы сөгіліп, төбесі опырылған кезінде сын садағына ілінері анық.
Лаура Нақыпқызы