Театр әйелдердің жанына үңілуге шақырады. Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының ұжымы көрерменге жаңа премьералық қойылымын ұсынды. Тәжік драматургi Барзу Абдураззаковтың «Әйел сыры» туындысын тамашалауға көппен бірге облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов та келді.
Әйел өмірі, қилы заман, қоғам шындығы. Әйел затының тұңиыққа толы тағдырларына көрермен куә болды, оны жанымен сезінді. Спектакльде перзенттерін жол бойындағы қайыршылыққа баулып, теңгені жеңіл жолмен табуға тәрбиелейтін ананың рөлін театрда 30 жылға жуық тәжірибесі бар әртіс Ұлжалғас Сапарәлиева сомдады.
Ұлжалғас Сапарәлиева, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әртісі: «Менің бұл кейіпкерге ешқандай ұқсастығым жоқ, оның өз қызын өзге ірі дөкейлердің қойнына ақша үшін салып беруі — жантүршігерлік жағдай. Маған осы бір тұсын ойнау, оны халыққа жеткізу ауыр болды. Әйел заты болған соң, осыған көңілім босап, көзіме жас алғанымды жасырмаймын».
Тәжік драматургi Барзу Абдураззаковтың «Әйел сыры» қойылымында перзенті жоғалып, қайғыдан қан жұтқан ана мен жұмысбасты, отбасынан көз жазып қалған және жеңіл жүріске салынған 6 әйелдің тағдыры көрініс тапқан. Ал шығарманы аударған Сая Қасымбек туындының шынайы, бүгінгі қоғамнан екенін көрсету үшін еңбектенген.
Сая Қасымбек, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі: «Шығарманы аударған кезде маған өзімнің драматургияны меңгергенім мен режиссерлігім көмектесті, себебі, әрбір кейіпкерді көзіммен ойната отырып, әрбір рөлге өзім ене отырып жазып шықтым. Сондықтан сәтті болды деп сенем! Бәрінен бұрын халықтың ыстық ықыласын көріп марқайып қалдым».
Қойылымды тамашалау бұл жолы 90 адамға ғана және оны залдан емес, сахнадан көру бұйырды. Көрермендер арасында облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың өзі болды.
Қуандық Қасымов, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының қоюшы-режиссері: «Сахнаны көремендер залына айналдырған себебім, бұл драматургияның өзі соны сұранып тұрды. Бұл қадам арқылы әртістің шынайылығын, өтірік сөйлемейтінін көрсеткім келді. Егер әртіс жалған айтса, көрермен келесі жолы театрға ат ізін салмайды. Сондықтан, көрермен әртістің әрбір сөзін, демін, қадамын көрсе, оны жанымен сезініп, түсінсе екен деген мақсат болды. Соны жүзеге асырдым деген ойдамын, бағасын халық бере жатар».
Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры «Әйел сыры» қойылымын көпке ұсыну үшін 2 ай уақытын жұмсаған. Оған ұжымың 7 әртісі жұмылдырылып отыр.