Жолды қопарған мердігерге айыппұл салынды

269
Жолды қазу

Өзімбілермендіктің соңы өзіне тұсау салды. Жылу жүйесін алмастыруды желеу еткен мердігер ақырында айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Республика даңғылы мен Молдағұлова көшесінің қиылысын жауып тастап, көлік түгілі жаяу жүргіншілердің қозғалысын шектеген серіктестік талайларды сергелдеңге түсірді. Дегенмен, міндетіне мін келтірген мердігердің бұл тірлігі өзіне тұсау болды.

Жолды қазу

Қала көшелерін қазып тастау — жылу берушілердің жылдағы әдеті. Бұл жолы да Шымкенттегі көшелер шұрық тесікке айналды. Сала мамандарының айтуынша, шаһардағы 20 көшеде жылу құбырлары жаңартылып жатыр екен. Ал Молдағұлова көшесін қопарып тастаған мердігер өзімбілермендікке салыпты.

Ғалым Есімов, ІІД әкімшілік полиция бөлімінің бөлім басшысы: «Заң бойынша құрылысшылар жолды жабуға бірнеше мекеменің келісімін алып, көпшіліктің жүріп-тұруына қосымша жағдай жасауы тиіс. Енді бұл мекеме әкімшілік айыппұл төлеп, кемшілікті қалпына келтіруі тиіс.»

Әлия Молдағұлова көшесінде жолды қопару екі айдан астам уақытқа созылған. Содан бері осы маңда көлік кептелісі көбейген. Полиция қызметкерлері заңға бағынбаған мердігерге 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айыппұл салды. Бірақ қопаруға құмар құрылысшылар өз кінәсін мойындағысы жоқ.

Жолды қазу

Тура осы тартыстан соң құрылысшылар екі күн ішінде жабылған жолды ашуға уәде берді. Олай етпесе, айыппұлдың көлемі екі есеге ұлғаймақ. Бұл өзгелерге сабақ болады дейді полицейлер.

Өкінішке орай, арада өткен үш күнде де мұндағы жағдай түзелген жоқ. Сол баяғы көлік кептелісі. Қазылған Молдағұлова көшесіне кіре алмаған барлық көліктер жол жиегіне жайғасыпты. Мердігерге әкімшілік айып салған полицейлердің ендігі әрекеті белгісіз.

Нұрлан Жаңабай