Биыл М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дегі хореография кафедрасының құрылғанына — 30 жыл. Мерейтой құрметіне өнер ұжымы көптің алдында есеп берді. Жоғарғы оқу орнының жанынан құрылған «Қаракөз» би ансамблі шығармашылық кеш өткізді.
«Қаракөздің» мың бұралған бишілері айтулы датаны асыға күткен. Ансамбльдің құрамы жыл сайын ауысқанымен биыл би тобының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Топтың бүгінгі толқыны да көптің алдында тосылған жоқ, қоржындағы жаңа нөмірлерін ұсынды. Студенттер ансамбльде өнер көрсетудің өзіндік қиындықтарын да айтып берді.
Гүлсина Ришат, «Қаракөз» би ансамблінің бишісі: «Ансамбльде тапсырмаларды орындау үшін көптеген тәуекелдерге барамын. Мысалы, үйдегі бар жұмысты, отбасымдағы мәселелерге көз жұмуға тура келеді. Себебі көбіне концерттік бағдарламалар мен мәдени іс-шарадарда таңсәріден қара кешке дейін жүреміз. Ал қалған күндері дайындықта боламыз. Кей кездері 1 сағаттың ішінде биді меңгеріп, сахна төріне көтерілетін сәттер де кездеседі».
Өнерпаздарды меретойымен құттықтау үшін өзге де ұжымдар арнайы келді. Арасында білім саласының құрметті қызметкері, Қазақстанның халық әртісі Шара Жиенқұлованың шәкірті Ғаникамал Бейсенова да болды. Ал М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дегі хореография кафедрасының меңгерушісі Балжан Тілеубаева бұл жетістік Қаракөздің» халықаралық сайыстарда топ жаруының нәтижесі деп отыр.
Балжан Тілеубаева, хореография кафедрасының меңгерушісі: «Хореография, режиссура, және сазды аспапта ойнау сынды үш мамандық біріге отырып қазіргі уақытта кафедраның аясы кеңейді, осылайша өнер кафедрасы болып аталып отыр. Ал хореография саласында биді қалай жүргізу, оны сазбен қою және өнер ұжымындарын қалай басқару қажеттігін кәсіби түрде оқып-үйретеміз».
«Қаракөз» би ансамблінің құрамында бүгінде 50-ға тарта студент бар. Олар үшін 10 оқытушы жұмыс жасайды. Ал облыстық мәдениет басқармасы мамандарының айтуынша, ұжым өңірдің мәдениет саласының дамуына да атсаласып келеді.
Ғалия Шарафиева, облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы: «Кафедра түлектері біздің облысымыздағы мәдениет және өнер мекемелерінде, жоғарғы және арнаулы оқу орындарында, мектептерде қызмет етіп келеді. Өңірімізде 715-тей би ұжымдары болса, оның 3000-дай өкілі осы «Қаракөзден» түлеген».
Айта өтейік, 30 жылдық тарихы бар хореграфия кафедрасы бүгінге дейін 300-ден астам шәкіртті түлеткен. Қазір мұнда 45 студент кәсіби би саласын меңгеріп жатыр.