Жол жөндеу

Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізінің Оңтүстіктегі бөлігі пайдалануға толық берілмей жатып, жөнделуде. Ордабасы ауданы Төрткүл ауылының маңындағы жолдың 16 шақырымдық бөлігі жарамсыз күйге түскен. Ойдым-ойдым шұқырлар көбейе бастаған бұл бөлікте қазір демонтаж жұмыстары қолға алынған

Жол жөндеу

Жаңа жолды жөндеп жатқандарды көріп, көлік жүргізушілерінің бірі ызаланады, бірі таңырқанысын жасырмайды. Жолдың бұл бөлігі былтыр да бірнеше ай жабық тұрған. Алайда бұл жолғы жұмыстар күрделірек – жол бетіне төселген бетон толығымен қопарылып жатыр. 16 шақырым бөлігі осындай күйде.

Жолдың опырылып түскен аумағы, бетондағы жарықшақтар күн санап үлкейе берген. Жаңадан төселген бетон мен асфальтталған қабаттың сапасын тексерген жауаптылар негізгі проблема техникадан туындаған деп түйген. Айтуларынша, бетонды құйғанда компьютер істен шығып қалыпты. Сөйтіп, бұл жолы да темір кінәлі болып шыға келді.

Мердігер тағы да есебінен жаңылар емес. Күні кеше барлығын қалпына келтірдік дейді. Енді қалғаны кішігірім жұмыстар мен мына үйілген жарамсыз тау болып үйіліп қалған бетондар.

Жол жөндеу

Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық автодәлізінің Оңтүстіктегі бөлігінің ешбір шақырымы әлі тапсырылмаған. Жауапты компаниялар жолды толығымен аяқтап тапсыруы керек дейді қадағалаушылар.

Қазір жұмыс қызып тұрған Түлкібас ауданындағы аумақта да ақаулар анықталыпты. Бірақ мұны зертханадағылар болмашы кемшіліктер деп есептейді. Өңірдегі маңызды жол бөлігі 2016 жылдың соңында түбегейлі аяқталуы тиіс.

Жол жөндеу

Ал осы кезде 2016 жылдан бастап Шымкент-Қызылорда және Астана-Атбасар жолдары ақылы болмақ деген ақпар тарап үлгерді. Сонымен қатар 2022 жылға қарай республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 7 мың шақырымына ақы төлеу жүйесі енгізіледі.

Енді алдағы уақытта барлық қайта құрылған және жаңадан салынған тасжолдарға жүргізушілер ақы төлеуі шарт. Теміртау, Павлодар, Қапшағай жолдары толық ақылы жүйеге өтсе, екінші санаттағы жолдарға тек жүк көліктері ғана салық толейтін болады.

24.kz