Сарыағашта тағы да ауыр қылмыс орын алды. Бұл жолғы қылмыс оқушылардың қолымен жасалды. Таскескен ауылының Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы жалпы орта мектебінің шәкірттері бір-бірімен жанжалдасып, пышақтасты. Соның салдарынан екі құрдастың бірі оқиға орнында жан тәсілім етсе, екіншісі ауыр халде ауруханаға жеткізілді.
Қаза тапқан бозбала 16 жасар Сарыағаш ауданының тұрғыны екені анықталды. Қазір полицейлер күдікті ретінде 17 жасар жеткіншекті қолға түсірді. Ол марқұм оқушымен бір мектепте және бір сынып жоғары оқиды екен. Айғақты зат ретінде одан пышақ тәркіленген. Қазір тәртіп сақшылары қылмыстың себебін анықтауда.
Ал Шымкенттегі Мәншүк Мәметова атындағы № 35 мектеп оқушысы да күдіктілердің қатарынан көрінді. Ол көлік ұрлығына қатысты айыпталып отыр.
Жайна Қарабаева, №35 мектеп директорының орынбасары: «Ол оқушы бізге жаңадан келген. Биыл №90 мектептен ауысып келді. Оқиға жайлы түнгі сағат 10:30-да естідік. Әзірге басқа ештеңе айта алмаймыз. Тергеушілер жұмыс істеп жатыр.»
Осылайша педагог бұл оқиғадан толық хабардар емес екенін жеткізді. Қазір бұл факті бойынша полицейлер айналысып жатыр.
Ернар Балабеков