Оңтүстіктегі ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері биылды қорытындылады. Қамбаға түскен жалпы өнім көлемі 350 млрд теңгені құраған. Ала жаздай жер емген ағайын «Алтын күз» салтанатты жиынында бас қосып, құрметке бөленді.
Ауыл шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосқан Оңтүстіктің «мичуриншісі» Тыныбай Шынтасов мемлекеттік наградаға ие болды. Элиталы жеміс және жүзім көшеттерін дайындауда шаруашылықтың еңбегі орасан.
Астық өндіруден Қазығұрт ауданы облыста көш бастаса, осы ауданның шаруасы Мәди Тайсалов озат астық өндіруші болып танылды.
Шардара ауданы мақта түсімін рекордтық көрсеткішке қол жеткізген өлке. Биыл мұнда 32 мың 325 тонна ақ алтын жиналған. Шардаралық дихандар орташа есеппен әр гектардан 27 центнер өнім алыпты. Мақталы өңірлерден Ордабасы, Түркістан аудандары да қалыспады. Екі ауданның мақташылары жиын терімде жоғары көрсеткіштерге ие болған.
Бұған қоса жерлестеріміз мал шаруашылығын дамытуға арналған өңірлік бағдарламаның шарапатына кенелуде. Бүгінде облыста ірі қара малдың саны — 859 мың, қой-ешкі — 4 млн, жылқы — 224 мың, ал түйе 23 мың басты құрайды.
Үкіметтің қаржылай қолдауы, жергілікті биліктің шаруа қожалықтарымен жүргізген жүйелі жұмысының нәтижесінде Оңтүстік өңірінің биылғы көрсеткіштері жоғары.
Шынар Оразова