Азық-түлік бағасын шарықтатып, қымбатшылықты қолдан жасайтындар — алыпсатарлар. Бұл — қоғамның пікірі. Қарапайым қызанақ пен қияр бағасын қымбаттатқандар шетел асып, тауар әкелмейді. Жергілікті диқандардық өнімін арзан бағада сатып алып, халыққа екі-үш есе қымбатқа сатады. Ол аздай, түрлі гипер-супер маркеттердегі жеңілдіктің рахатын көретіндер де — алыпсатарлар.
Алыпсатарларды көбінесе базар маңынан кездестіресіз. Көпшілік оларды жайма базар сатушысы ретінде таниды. Таң азанымен өнімін арқалай келген дихандардың бірінші тұтынушысы да осы азаматтар. Еткен еңбегін арзан бағалап алғанымен, өздері екі-үш есе қымбат сатады. Бірақ, мұнысын мойындамайды.
Шұжық, қаймақ, тәтті сүт өнімдері мен балалар сүйіп жейтін қытырлақ нандар. Арнайы мұздатқышта сақталып, сатылатын тауарлар жайма базарда қаптап кеткен. Оның сапасына және шығарылу мерзіміне алаңдап жатқандарды да байқамайсыз. Арзан бағасымен қызықтыратын өнімдерді сатушылар қайдан алады? Бұл сұраққа бірде-бір сатушы жауап бермеді.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=sXizKxCpUqc[/youtube]
Ал көзі ашық, көкірегі ояу жандардың пікіріне сүйенсек, алыпсатарлардың көтерме орнына ірі дүкендер, яғни супермаркеттер айналған. Мерзімі аяқталуға жақын тауарларды жеңілдікпен алып, қомақты қаржыға қарқ болып отыр. Бірақ, алыпсатарлардан жапа шегіп отырған дүкен иелерін көрмедік. Өзіңіз де мұндай оқиғаның талай рет куәсі болдыңыз, кассаларда қордаланған кезек жеңілдік науқанында ғана туындайды. Арба-арба тауарын тиеген алыпсатарлар шыға бере құйтырқы әрекетін жүзеге асырады.
Түптеп келгенде алыпсатарлардың жолын кесу мүмкін емес. Тек жайма базардан қандай да бір азық аларда шығарылған мерзімі мен сапасына назар аударсаңыз, оның арзан бағасы қайдан шыққанан аңғарасыз.