Арыстағы жарылыс тексерілуде

784
Арыс полигоны

Арыста тағы жарылыс. Қала маңындағы қару жарақты залалсыздандыру полигонында оқ-дәрі жарылып кетті. Соның салдарынан бір жұмысшы қайтыс болып, тағы бірі жарақат алды.

Сондай-ақ жарылысқа жақын тұрған Камаз жүк көлігінің күлі көкке ұшқан. Қазір осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Қорғаныс министрлігінен арнайы өкілдер келіп, терсеру шараларын бастап кетті.

Арыс полигоны

Қайғылы оқиға 8 қараша күні сағат оннан асқанда болған. Арыс қаласының маңындағы «Қазтехнология» ЖШС-нің жару алаңында пайдалану мерзімі аяқталған қару-жарақты бір топ адамдар залалсыздандырып жатқан. Осы сәтте абайсызда үлкен жарылыс болып, соның салдарынан 43 жастағы жұмысшы Ермұрат Иманқұлов сол жерде тілге келместен мерт болды. Ол осы мекемеде инженер-технолог болып еңбек еткен. Қазір марқұмның денесі Темірлан ауылындағы сот-сараптау орталығына жеткізілді.

Есенжан Досанов, «Қазтехнологиялар» АҚ залалсыздандыру орталығы төрағасының кеңесшісі: «Қазіргі уақытта Оңтүстік Қазақстан облыстық бас еңбек инспекциясы мен облыстық ішкі істер департаменті тарапынан тергеу-тексеру шаралары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның болуы және салдарын сол тексеруден кейін қосымша хабарлаймыз.»

Жарылыстың қатты болғаны соншалық, жақын маңда тұрған Камаз көлігі түгел жанып кетіпті. Абырой болғанда осы кезде полигонда болған 16 адам аман қалды. Олардың ешбірі жарақат алмаған. Тек бірінің құлақ пердесі жарылып, ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлік көмек алған соң, үйіне қайтарылыпты.

Лесхан Исаев, Арыс аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары: «Көлік жарылған кезде бұл кісі жанында болған. Ауа толқыны әсерінен зардап шегушінің құлағы зақымданды. Денесінің басқа жерінен ешқандай жарақаты көрінбеді.

Жарылыс алаңына жақын маңда мал шаруашылығымен айналысатын Асылхан Махамбетов сол күнгі жарылысты қалыпты жағдайдың біріне балапты. Себебі, мұнда қару-жарақты залалсыздандыру жұмыстары жиі болатын көрінеді.

Арыстағы полигон

Қазір мекемеде орталықтан келген басшылар мән-жайды тексеріп жатыр. Олардың сөзінше, марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне кететін шығынды мекеме толық өз мойнына алмақ. Ал қайғылы жағдай бойынша облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастап кетті.

Еске сала кетсек, осыдан 6 жыл бұрын дәл осы кәсіпорында осыған ұқсас жарылыс болған еді. Сол кезде 4 адам қайтыс болып, 16 жұмысшы түрлі дене жарақатын алған. Ол уақытта мамандар қауіпсіздік шараларын сақтамаған деген тоқтамға келген болатын. Ал бұл жолғы жарылыстың себебі алдағы уақытта анықталады.

«Евразия» телеарнасы