Ұзын-сонар кезек банктер де тыйылар емес. Таяуда бір төлем жасау үшін сағаттап күткеніне ашынған ағайын редакциямызға арызданып келді. Айтуларынша, заманауи техникалармен жабдықталса да кезектен құтыла алмай әлек. Банктегі касса жұмыстарына, әсіресе, зейнеткерлердің көңілі толмайды.
Кезек көп уақытты алады деген шағым «КазКом» банкінің қызметіне бағытталған болатын. Сағаттап кезегін күткендер кассаның да қызметіне көңілі толмайтындарын жеткізген еді. Шағым бойынша банкке арнайы бардық. Басшылар кезектің барын жоққа шығарған жоқ. Мұны клиенттерінің көптігімен түсіндіреді. Сондай-ақ, «КазКомға» «БТА» банкі қосылғалы клиенттердің саны екі есеге артқанын айтып отыр. Десе де, халыққа сапалы қызмет көрсету үшін арнайы жобалар жасалып жатқанын жеткізді.
Тимур Адешов, «ҚАЗКОММЕРЦБАНК» АҚ Шымкент филиалының директоры: «Бір кісіге сапалы қызмет көрсетіледі. Ол бірнеше уақытты алады. Сондықтан кезек туып отыр. Десе де, халықтың көбі осы Иляев көшесіндегі №33 ғимараттағы банк орталығына көп келеді. Бірақ, бұдан өзге 15 бөлімшеміз бар. Оның сегізі қаланың ішінде орналасқан. Оның әрқайсысында 5-6 кассадан жұмыс істейді».
Байқағанымыз, банкте электронды кезек жүйеге қойылған. Тұтынушылар касса алдында өз кезегін күтіп отыр. Оны күткісі келмейтіндер үшін банктің өзге бөлімшілерінің сызбасы ұсынылған. Ал касса қызметкерлері клиенттеріне барынша жылдам әрі сапалы қызмет көрсетуді әдетке айналдырған.
Мұндай ұзын-сонар кезек Халық банкінің алдында да кездеседі. Мұнда, әсіресе, зейнетақы берілетін уақытта халық саны артады. Ала жаздай күннің астында кезегін күткендер, қақаған қыста да далада тұруға мәжбүр. Осындай ыңғайсыздықтардың кесірінен адам шығыны да орын алғаны есімізде.
Оқыс оқиғадан нәтиже шығарса керек, банк өз тұтынушылар үшін жағдайды жақсарта бастаған. Барынша орындықтарды көбейтіп, банкоматтардың санын арттырыпты.
Енді қорытайық. «Қазком» жаңа жылдан бастап әрбір тұтынушысын ыстық шәймен күтіп алуды жоспарлап отыр. Осылайша банк клиенттеріне кезекті ұмыттырып, құрмет көрсетуді көздейді. Бәсекелестік басым заманда оң бастаманың өзгелерге де үлгі болады деп сенеміз. Ал әзірге электронды кезекке ет үйрете тұруға мәжбүрміз.