Қала іргесіндегі «Батыс» шағынауданының тұрғындары жергілікті билік өздеріне назар аударғанын қалайды. Бас прокуратураның шешімімен олардың жер учаскелерін пайдалануына тыйым салынған. Енді өз иелігіндегі меншікті тіркете алмаған жерлестеріміз табандарынан тозып жүр.
Түркістан бағытындағы күре жолдың тұрғындары 2010 жылдан бері қоныстанған жер телімдерін заңдастыра алмай әуре. Бармаған жері қалмаған жұртшылық шағымданудан шаршапты.
Маржан Маханова, «Батыс» шағынауданының тұрғыны: «Қолымызда барлық құжат түгел. Мемлекеттік акті бар. Бірақ, 2 жылдан бері учаскелеріміз арестке қойылып, енді халыққа қызмет көрсету орталығында тіркеле алмаймыз.»
Үскен Абамүслімов, «Батыс» шағынауданының тұрғыны: «Дұрыс болмаса, неліктен мемлекеттік акті береді, әділет департаменті бекітеді, қабылдау актісіне қол қойылады? Арест-шектеу 14 ақпанда 2 жыл болады.»
Көше жолына тас төсеуге әр үйден 30 мың теңге жұмсалыпты. Бағаналарды да ортадан ақша шығарып орнатқан. Қала іргесінде тұрып, ел қатарлы электр жарығын, су мен газды пайдалана алмаған жұрт жыларман болып отыр.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=eNnipdhiulg[/youtube]
Мамырхан Мұсаев, ауыл биі: «Суды таситын көлікке 3 мың теңге, электр жарығының әр киловатына 24 теңгеден төлейміз.»
Инфрақұрылым тартудан бұрын жер телімдері мен жылжымайтын мүліктерін заңдастыруы қажет. Осылай шешкен ауыл ақсақалдары «Нұр Отан» партиясынан да көмек сұраған.
«Нұр Отан» партиясының өкілдері мәселенің мән-жайын анықтауды қайтадан қала әкімдігіне тапсырыпты. Ал тұрғындар жергілікті биліктен көңіліміз қалған деп отыр.
Шынар Оразова