Шымкент қалалық әкімдігінің мәжіліс залында қалалық төтенше жағдайлар басқармасы басшысының орынбасары Ерік Сарыбаев, «ИнтерГазОрталықАзия» АҚ Шымкент арналы газ құбыры басқармасының бас инженері Сәкен Исмайлов иіс газынан уланудың алдын алу бойынша брифинг өткізді.
Статистикаға сәйкес, 2014 жылдың 10 айында иісті газбен уланудан 26 адам зардап шексе, 16 адам қайтыс болған, — дейді Шымкент қалалық төтенше жағдайлар басқармасы басшысының орынбасары Ерік Сарыбаев. — Ал 2015 жылдың 10 айында иісті газбен уланудан 27 адам зардап шеккен. Биылдың қазан, қараша айларында көп қабатты тұрғын үйлердегі газбен жылыту қондырғыларының ақауларынан 10 улану оқиғасы тіркелді.
Осыған орай қала әкімі Ғ.Әбдірахымовтың атынан өкім дайындалып, құзырлы мекеме өкілдері шаһардағы 4 аудан бойынша жұмыс топтарын құрды. Қазіргі таңда олар қала тұрғындарының өмірі мен денсаулығын сақтау, иісті газдан улану, су басу, өрт оқиғаларын болдырмау үшін тұрғындарға әдістемелік көмек көрсетіп, заң талаптарына сай үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.
Қаладағы білім беру мекемелерінде иісті газбен улануды алдын алу мақсатында бейнеролик көрсетіліп, ашық сабақтар өткізіліп жатыр.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі