Шымкенттің дамуында жергілікті кәсіпкерлердің үлесі зор. Облыстық кәсіпкерлер форумына жиналғандар осылай дейді.
Басқосуды облыстық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған. Форумға ОҚО әкімі Бейбіт Атамқұлов, Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, облыстық кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің мүшелері, кәсіпкерлер, жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты.
Өңір кәсіпкерлерінің басын қосып, Оңтүстіктегі шағын және орта бизнесті дамытуды талқылаған жиында облыс басшысы кәсіпкерлердің өз туған жерлері үшін еңбек етуін, тұрғылықты жерінің әлеуетін көтеру туралы айтып өтті. Әрі өңірдің дамуы үшін жергілікті әкімшілік пен кәсіпкерлердің тығыз қарым-қатынаста еңбек етіп, күнгейдегі шағын және орта бизнесті дамыту керектігін, шаһарымыздың көркіне көрік қосатын ірі нысандарға бірлесіп қаржылық қолдау көрсету керегін еске салды.
Іс-шарада облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкіров жыл басынан бері атқарылған жұмыстар, кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша қолданылған шаралар, әкімшілік кедергілерді жою, өңірдегі кәсіпкерліктің дамуы туралы баяндады.
Атап айтар болсақ, жыл басынан бері палатаға 233 кәсіпкерлік субьектіден өтініш келіп түссе, олардың 64-і қабылданып, осы көрсеткіштер бойынша өз кәсібін дөңгелеткендерге 217 млн теңге үнемдеудің сәті түсіпті. Өңірдің 14 ауданында тексеру жұмыстары арқылы 3000-нан аса кәсіпкердің құқықтарын бұзу фактісі анықталған.
Осыған байланысты ОҚО кәсіпкерлер палатасы жергілікті атқарушы органға Елбасының ұлттық кәсіпкерлер палатасына қойған тапсырмасын орындау мақсатында бірге тығыз байланыста жұмыс істеуді ұсынды.
Осы тұста айта кетерлігі, өңірдегі ірі кәсіпорындар Шымкентте орналасқан. Бұл ретте осы мүмкіндікті пайдалана отырып, жауапты мамандар Шымкенттің болашақ даму тұжырымдамасын жүзеге асыруға шетелдік инвесторлармен қатар жергілікті кәсіпкерлердің көмегі зор екенін айтты.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі