Көлік ұрлап, оны бөлшектеп сатқандардың жолы кесілді. Бұл жолы Нұрсәт шағынауданындағы аулада тұрған көлікті ұрлады деген күдікпен екі жас жігіт қолға түсті. Көлік иесіне жарты миллион теңгеден астам материалдық шығын келген.
Қаратау полиция бөліміне арызданған азамат ауладағы «Опель» автокөлігін белгісіз біреулер қолды еткенін айтады. Түскен шағым негізінде аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері сол күні-ақ іздестіріп жүріп, қоқыс полигонының маңынан ұрланған көлікті тауып алады. Күдіктілер автокөлікті бөлшектеп, тастап кеткен екен. Ұрланған автокөліктен саусақ іздері алынады. Сөйтіп қылмысерлердің соңына түсуге жол ашылған.
Бұл — Нұрсәттегі алғышқы көлік ұрлығы емес. №19 үйдің ауласындағы көлікті ұсталғандардың бірі қосалқы бөлшегі керек болғандықтан заңсыз айдап әкеттім деп отыр. Қылмысқа танысын қасына ертіп апарыпты. Керектісін шешіп алған соң көлікті қала сыртына тастап кетуді жөн санапты.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=q_imZLjDTXo[/youtube]
Ұсталғандардың жастары 19 және 22-де. Жас жігіттердің үстінен қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша іс қозғалды. Енді олар көлікті заңсыз иемденіп кеткені және бөлшектегені үшін жауап береді. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Ернар Балабеков