Кентау трансформатор зауытында электровоз трансформаторы таныстырылды. Конструкторлар ұлттық брендке айналдырғысы келетін жаңа электровоз трансформаторын мақтанышпен көрсетті. Алғашқы үлгі сынақтан сәтті өтті.
Отандық мамандардың туындысына ресейліктер қызығушылық танытып отыр. 4350 киловольттық құрылғы бүкіл құрамды электр қуатымен қамтуға қауқарлы. Жаңа қондырғы Кентаудың трансформатор зауытында таныстырылды.
Алайда әлемдік экономикалық тоқырау алпауыт зауытты да айналып өтпек емес. Бүгінде бірнеше шетелдік компаниялармен алыс-беріс жасасатын кәсіпорынға доллар бағамының құбылауы да жайсыз әсер етуде.
Алайда зауыт басшылығы бұл қиындықпен күресудің жолын жұмысшыларды қысқартудан емес, жұмыс сапасын арттырудан табамыз деп отыр.
Ерік Нұртазаев зауытта конструктор болып жұмыс істейді. Алғашта сынақшы болып жұмысқа орналасқан ол іздемпаздығының нәтижесінде кәсіпорынның жауапты қызметін қолға алған. Дағдарысқа алаңдаулы жас маман қосалқы бөлшектерді өзімізде шығарсақ, шетелдік нарыққа тәуелді болмас едік дейді.
Басшыны да, қарапайым жұмысшыны да алаңдататын бір жәйт — тапсырыс көлемін азайтып алмау. Кәсіпорын жетешілері өнімнің сапасына аса мән беріп, жұмысты тиімді ұйымдастыру арқылы келесі жылдың бірінші тоқсанына зауыт 4,3 млрд тапсырыс алып отыр. Тапсырыстарды уақтылы орындап беру үшін жұмысшылар күні-түні үш ауысымда жұмыс жасап жатыр.