Леңгірдегі жол

Сақалды құрылыстардың біріне айналған Леңгірдегі су жүйесін жаңарту жұмыстары бес жылда аяқталды. Су аламыз деген тұрғындар, есесіне, бұрынғы жолынан айрылды. Енді сол қазылған жолдарды қалпына келтіру жұмыстарының биыл бітпейтін түрі бар. Қазынадан бөлінген қаражатқа салынған көшелердің де сапасы сын көтермейді дейді қалалықтар.

Леңгірдегі жол

Ленгір қаласының тұрғындары жамау-жамау жолдардан әбден әбігерге түстік дейді. Қалада жүргізілген жаңа су жүйесінің құрылысынан соң жолдар осындай күйде қалып қойған. Жаяу жүргінші де, көлікке мінгендер де әбден зәрезап болған.

Жол құрылысын жүргізген мердігер – «Шымкентгазмонтаж» компаниясы. Талап бойынша қазылған жолдарды құрылысшылар тегістеп, қалпына келтіруі тиіс. Ал жасалған жұмыс сапасын толассыз жауған жауын-шашын бірден байқатты. Бірқатар көшелерде кәріз құдықтарының айналасында жер опырылып түсіп, шұқырларға айналды. Мұндай ақаулар Төле би ауданының әкімдігі орналасқан Әйтеке би көшесінің бойынан да бірден байқалады.

Леңгірдегі жол

Қайрат Қоңғырбаев, учаске бастығы: «Топырақты нығыздадық. Бірақ су жол тауып, жерге сіңіп, топырақ отырып қалды. Барлық жерде емес қой? Мұндай ақаулардың барлығын қалпына келтіреміз. Леңгірдегі су жүйесінің құрылысын 2010 жылы бастаған болатынбыз. Қаржы толық көлемде бөлінбегендіктен, құрылыс ұзаққа созылды. Биыл жылдың соңына дейін жолдарды қалпына келтіреміз.»

Тозығы жеткен магистралды су құбырларын жаңалау жұмысы осыдан бес жыл бұрын басталған. Сол кезде тұрғындар сапалы суға қарық боламыз деп қуанған еді. Алайда құрылыс жұмыстары ұзаққа созылып, қалалықтар одан да әбден әбіржігені рас. Ол аз болғандай, жол жиегінде қазылған шұқырлар халықтың жүріп тұруын қиындатып жіберді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=o33kwvlbK2s[/youtube]

Қазылған жолдарды қалпына келтіру жұмыстарының сапасын зертхана былай тұрсын, аудан орталығына келгендер бірден байқайды. Негізі, Леңгірде биыл бірқатар көшелер жөндеуден өткен. Алайда олардың да сапасы сын көтермейді дейді тұрғындар.

Аудан бюджетінен бөлінген қаржыны тиімді пайдаланудың төлебилік үлгісі осындай болар, мүмкін. Асығыс жасалған дүниенің алдағы қысқа шыдас бермейтініне осындағы Өтемісұлы, Уәлиханов көшесінің тұрғындары бек сенімді.

Шынар Оразова