Мемлекеттен төленетін жәрдемақылар көбеймеді. Мамандардың айтуынша, төлемдер 2015 жылғы 1 қаңтарда бекітілген айлық есептік көрсеткіш есебінде жүргізіледі. Ал 1 АЕК көлемі 1982 теңгені құрайды. Осы көрсеткіш өзгермесе, төлемақы да өспейді.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан Махановтар отбасы Абай аудандық зейнетақы төлеу орталығына келген. Көп балалы ана жақында туған 5-ші сәбиіне мемлекеттік жәрдемақы тағайындау бойынша құжаттарын түгендеп жүр.
Айнұр Маханова, көп балалы ана: «Босанғаннан кейін қызымыздың қырқынан шыққанын күттік. Мекенжайымыз бойынша зейнетақы мемлекеттік төлем орталығының аудандық бөліміне келіп, бала тууына байланысты берілетiн бiр жолғы мемлекеттiк жәрдемақы алу үшін қандай құжаттар тапсыру керегін біліп кеткенмін. Енді бүгін жеке куәлігімді, баламның куәлігі мен анықтаманың түпнұсқасы мен көшірмелерін, жәрдемақы аударатын екінші деңгейдегі банкте ашылған есеп-шотымыздың көшірмесін алып келдік.»
«Самал» шағынауданы бойынша жәрдемақы алушыларға қызмет көрсететін маман құжаттардың толықтығын тексеріп алды.
Асыл Бақашев, Абай аудандық ЗМТО бөлімінің қызметкері: «Бұл азаматшаның барлық құжаттары түгел. Енді бесінші баласына алатын жердемақының мөлшері 103 мың теңге. Бұған қоса қараша айынан бастап әр айда 17 мың теңге алатын болады.»
Абай ауданы бойынша мемлекеттік және әлеуметтік жәрдемақыны 42 мың 896 азамат алады. Оларға жәрдемақының 9 түрі бойынша қызмет көрсетіледі. Қайтыс болған адамды жерлеуге де жәрдем қарастырылған. Оның көлемі 36 АЕК, яғни, 31 мың теңге.
Ескеретін жәйт, жерлеуге берілетін бір реттік жәрдемақыны алу мерзімі 3 жылға дейін созылған. Тағы бір жаңалық — жәрдемақыларды тағайындау бойынша өтініштерін азамат үкіметтің электронды порталы арқылы да жіберуіне болады.
Азаматтар мемлекеттік және әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындауға қажетті құжаттардың тізімін осындағы арнайы кітаптан біледі.
Шынар Оразова