Оңтүстіктің атын шығарған палуандар марапатталды

640
Палуандар

«Нұр Отан» партиясының Оңтүстіктегі филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының төрағасы Берік Оспанов өңіріміздің  грек-рим күресінен құрама командасын қабылдады. Бұл палуандар 3-8 қараша аралығында Ақтөбе қаласында өткен Қазақстан кубогы жолындағы сайысқа қатысып, жеңіспен оралған.

Палуандар

Биылғы ел кубогы жолындағы бәсеке оңтүстікқазақстандық спортшылар үшін жемісті болды. Жарысқа еліміздің 11 облысынан 11 команда қатысқан. Алғашқы айналымда палуандарымыз Жамбыл облысының құрама командасымен кездесіп, 6-2 есебімен жеңіске жетсе, келесі айналымда Алматы облысының мықтыларымен күресіп, 5-3 есебімен жеңіс жолын жалғады.

Қарағандылық палуандармен өткен үшінші айналымда Оңтүстіктің спортшылары өздерінің әбден ысылғанын әрі бабында екендерін дәлелдеді. Қостанайлық спортшылармен болған белдесуде 5-3 есебімен жеңіске жеттік.

Финалда Ақтөбе облысының балуандарын 5-3 есебімен тізе бүктіріп, Оңтүстік Қазақстан облысының командасы алғаш рет Қазақстан кубогын жеңіп алды.

Палуандар

Облыстың грек-римшілері Асхат Жамбиров пен Әлімхан Сыздықов белдесулерді тек жеңіспен аяқтаса, Нұрсұлтан Қалмұрзаев, Жолдыбай Тоқбаев, Әділхан Сатоев, Рамазан Мұстафаев, Шәміл Батыров, Рашид Кочиев, Агит Сулейманов, Сәкен Сейітқалиев та жеңіс жолында өздерінің бар күш-жігерін салды.

Бұл жеңіс – ащы тер мен ерен еңбектің өтеуі. Осы тұрғыда облыстың ересектер құрама командасының аға бапкері Әбідрахман Архарбеков және жаттықтырушылар Бисолт Дециев, Нұрлан Жылқыайдаров, Хаким Мусаев, Александр Ершов, Саддат Гелашвилидің қосқан үлестері қомақты.

Палуандар

Спортшыларды қабылдаған Берік Оспанов палуандар мен олардың жаттықтырушыларын жеңістерімен құттықтай отырып, «Біз марапат үшін емес, Оңтүстіктің атағын шығару жолында жұмыс жасауымыз қажет. Өңірде федерация құрылғалы жақсы нәтиже көрсетіп келеміз. Осы қарқыннан таймай Олимпиадаға жолдама алып, ел намысын лайықты қорғауларыңызға тілектеспін» деді.

Палуандар

Жиын барысында құрама команда мүшелері кубокты облыстық федерация төрағасына табыстаса, Берік Оспанов өз кезегінде спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына федерация атынан қаржылай сый-сияпат жасап, марапаттады.

 

«Нұр Отан» партиясы ОҚОФ баспасөз қызметі