Оңтүстік Қазақстан облысы – халық саны ең көп өңір. Мұнда 2 788,5 мың адам тіркелген. Оның 60 пайызын ауыл тұрғындары құрайды. Жыл сайын 70 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Бұл — еліміздегі әрбір бесінші нәресте.
Сол себепті біздің облыс жүйе жасаушы, стратегиялық маңызды өңір болып саналады. Осы орайда облыстағы медицина саласы қалай дамып жатыр, соған қысқаша тоқтала кетсек. Жалпы, күнгейде 110 медициналық көмек көрсететін ұйым бар. 188 дәрігерлік амбулатория, 37 емхана, 8 ауданаралық туберкулезге қарсы диспансер құрылды.
Бұдан бөлек облыста 310 денсаулық сақтау нысаны салынып, іске қосылды. 152 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Санитарлық авиация да дамып келеді. Айталық, ұшу сағаттары жылына 100-ден астам сағатты құрайды.
Облыста 7303 дәрігер жұмыс істейді, оның ішінде ауылдық жерлерде 2016 ақ халатты жан бар. Мейірбикелер саны – 22134, ауылдық жерлерде – 7848. Бір айта кетерлігі, кадр тапшылығы 2 есеге төмендепті.
Сондай-ақ, мамандарды үздіксіз оқыту жүйесі жолға қойылған. Негізі қағида бойынша дәрігерлер өмір бойы оқып, ізденіп өтуі тиіс. Сол себепті жыл сайын оқытылатын мамандардың саны 12 мыңға артты.
Әйелдер мен балаларға медициналық көмек көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Шымкент пен Түркістан қаласында 4 перинаталдық орталық ашылды.
Тағы бір айта кететін жайт, Шымкент — трансплантологиялық көмекті ендіру бойынша республикада үшінші қала. Қалада 55 пациентке бүйрек алмастыру, 3 пациентке бауыр алмастыру операциялары жасалды. Және де неонатальды хирургия мен кардиохирургия дамып келеді.
Жансая Сыдықбай