Оңтүстіктің студенттері шекара аспай-ақ шетелден білім ала алады

326
ОҚМУ

Оңтүстіктің студенттері шекара аспай-ақ шетелдің оқу орындарынан білім ала алады. Бұған Kcell компаниясының Курсера жобасы көмектеседі. Байланыс желісінің өкілдері жаңа ұсынысты ОҚМУ студенттеріне жеткізіп, бағдарламаның қыр-сырымен таныстырды.

ОҚМУ

Әлемдегі аты дардай университеттерден қосымша білім алуға екінің бірінің мүмкіндігі жоқ екені рас. Осыны ескерген Kcell компаниясы көп ойланбастан Курсера жобасын іске қосты. Шәкірттер аудармашы іздеп абдырамас үшін, тіпті, қазақ тілдегі бағдарлама әзірлеп қойыпты. Компания өкілдері жаңа ұсыныстарын жария ету үшін ОҚМУ-не арнайы келді. Мұндағы дәрісханада ізденушілердің басын қосып, ізгілікті бастамамен таныстырды.

Курсера халықаралық интернет порталы мен Кселл компаниясының бірлескен жобасы тегін онлайн-курстарды пайдалануды ұсынады. Оқыту тәсілі аса қиын емес. Дәріс барысы 3 модульден тұрады. Осы бойынша 9 сабақ өткізіледі екен.

Оқыту курсы 8 аптаға дейін созылады. Бір жетіде 5-10 сағат дәріс беріледі. Оның арасында 10 минуттық бейнебаян көрсету де қамтылған. Тиімді де тегін жобаны меңгеруге алғашқы таныстырылым кезінде-ақ қызығушылық танытқан студенттер көп болды.

Аяжан Әбдіқадыр да бұл бағдарламаны үйренуге белсеніп отыр. Жас студентті, әсіресе, төрткүл дүниеге танымал оқу орындарынан онлайн жүйесінде білімін жетілдіру мүмкіндігі қуантады.

Жаңа жоба жайлы қосымша ақпараттар Ксел бөлімшелерінде толығырақ түсіндіріледі. Ал аталған курсты меңгеру coursera.org сайты арқылы да онлайн тәртібінде жүзеге асады.

Мақсат Жақсыбаев