Өңір басшысы Б.Атамқұлов Ордабасы ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар әлеуметтік және ауыл шаруашылығы нысандарымен танысты. 117 мыңға жуық халқы бар бұл аудан өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына бейім өңір. Сапар барысында облыс әкімі Шұбарсу ауылындағы жаңадан пайдалануға берілген 600 орынды Ынтымақ жалпы орта мектебін аралап көріп, білім ордасының айналасын көгалдандыруды тапсырды.

Бейбіт Атамқұлов

Сонымен қатар 16 гектар жерге орналасқан, еліміздегі ең ірі «Аделя» шаруа қожалығындағы жылыжай кешенінің жұмысымен танысты. ҮИИД мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған бұл кешен жылына 9 мың тонна өнім өндіреді. Заманауи құрылғылармен қамтылған жылыжайда 100-ден астам азамат жұмыспен қамтылған.

"Аделя" жылыжайы

Бұдан кейін аймақ басшысы «Бадам» индустриалдық аймағында орналасқан «Агро-V» ЖШС-нің «Бөрте» сүт тауарлы фермасының құрылысы мен автоматтандырылған жүйедегі жаңа технологиялы қыш зауытында болды. Күніне 20 мың тонна шикі сүт өнімін өндеуге қуаты жететін сүт фермасының құрылыс жұмыстары 30 пайызға аяқталған. Мұнда швейцариялық жаңа технологиядағы робот-сауыншылары жеткізіледі деп күтілуде. Асыл тұқымды сүтті бағыттағы «Гольштейн» тұқымды сиырдан жылына 6-7 мың литрге дейін сүт саууға болады.

Қыш зауыты

Жұмыс тобы «Агро-V» ЖШС-нің екінші жобасы – 2014 жылы жұмысын бастаған қыш зауытын аралап көрді. ҮИИД мемлекеттік бағдарлама аясында ашылған кәсіпорын күніне 70 мың, ал жылына 22 млн дана керамикалық қыш шығарады.

Бұдан соң Бейбіт Бәкірұлы асыл тұқымды мал шаруашылығы көрмесін тамашалап, шаруалармен кездесті. Мал басын асылдандыру бағытында ауданда 3 асыл тұқымды мал шаруашылығы жұмыс істеуде.

Мал шаруашылығы

Солардың бірі – «Ордабасы» шаруашылығында қазақтың қылшық жүнді қойын асылдандырылады. Мұнда 8 мыңға жуық асыл тұқымды қой бар. Әр қошқар 120-125 келіге дейін ет береді. Өңірімізде осындай қойдың 70 мың басы бар. Бұл – ОҚО ғалымдарының 21 жылдық еңбегінің жемісі.

Осыдан кейін өңір басшысы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 2009 жылы пайдалануға берілген аудандық орталық ауруханаға барды. 240 науқас емделе алатын медициналық мекемеде бүгінгі таңда 47 дәрігер қызмет етуде. Аудан тұрғындарына 55 емдеу–профилактикалық мекеме, атап айтқанда, 1 аудандық емхана, 1 аудандық аурухана, 2 ауылдық аурухана, 12 дәрігерлік амбулатория, 21 фельдшерлік-акушерлік бекет, 18 медициналық бекет қызмет көрсетеді.

Ауданда саламатты өмір салтын қалыптастыру және аурулардың алдын алу бағдарламасына сәйкес 9 бағытта жұмыс атқарылуда. Сапар соңында облыс әкімі Темірлан ауылындағы халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Бұл орталыққа күніне 300-ге тарта тұтынушы келеді. Осы жылдың тоғыз айында 101829 құжат қабылданған.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі