Шымкентте белгіленбеген жерде сауда жасап, қаланың көркін қашыратын саудагерлердің жолын кесу шарасы жалғасып жатыр. Бұл жолы Абай аудандық әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің мамандары «Барыс» базарының маңын тазартуға шықты. Жол жиегін заңсыз сауда қатарына айналдырғандарды тәртіпке шақырды. Ескертуге құлақ аспағандарға айыппұл салынды.
Жол жиегіне қаз-қатар тізіліп, азық түлік пен жеміс-жидегін саудалауға мұндағы азаматтардың еті үйренген. Белгіленбеген жерде сауда-саттық жасағаны үшін оларға талай рет ескерту де берілген. Құлақ аспай келген сатушылар айыппұл төлеуге келгенде базар басшысын кінәлай жөнелді. Отырған орындары үшін базар басшысына күндік салық төлейтіндерін жайып салды.
Рейд жұмыстарына үйреніп қалған «Барыс» базарының иелері құйтырқы әрекетке көшкендей. Бұл жолы да тексерушілерге саудагерлерді айдап салмақ ниет танытты. Десе де өз ісіне жауапты әкімдіктің мамандары көпшіліктің көшеде сауда жасауының заңға қайшылығын түсіндіріп, кінәлілерді жауапкершілікке тартты. Айтуларынша, жыл басынан бері бір ғана Абай ауданы бойынша 2 млн теңгеден астам айып салынған. Бұл соманың бір млн теңгесі өндірілген.
Айта өтейік, қала бойынша заңсыз сауда-саттықпен айналысып, белгіленбеген жерде сауда жасағандарға салынған айыппұл қомақты — 8 млн теңге. Оның 4 млн теңгесі өндірілген. Жабайы саудамен күрес мұнымен тоқтамайды.
Нұрлан Жаңабай