Күздің қара суығында Оңтүстікте бүтіндей бір отбасы бүрсең қағып далада қалды. Үш күн бойы толассыз жауған жауыннан баспана қирап, жермен-жексен болды. Сайрам ауданына қарасты Ынтымақ ауылы тұрғындарынан арнамызға осындай хабар келіп түсті. Бақандай 4 баласын құшақтап, барар жерін білмей бас қатырған анаға алғашқы болып, әкімдік емес, біздің редакциямыздың тілшілері көмектесті.
Қабырғасы опырылып, қирап қалған баспанасын көрген Мөлдір Тұяқова түс көргендей аң-таң. Үйінің ішіндегі біраз бұйымы бүлініп, құлаған саз кірпіштің астында қалды. Балшықтан соңылған баспана үш күндік толассыз жауынға төтеп бере алмады деп көз жасы көл болды ананың.
Мөлдірдің осы күнге дейін күнелтіп жүрген баспанасы бұрын дүкен болған. Тұрақты жайы жоқ жанұяға ауыл биі өз меншігіндегі нысанын тегін тұруға беріпті. Осы жерге қоныс аударғанына небәрі бірер ай болғаны сол екен, табиғаттың тосын мінезінен қабырғасы қарс айрылды. Кезекті рет тұрақсыз қалған ана баспанаға жарымай-ақ қойдым деп налиды.
Төрт баламен тентіреген отбасыға баспана жайын қарастырамыз деген әкімдік уәдесін арқалап әлі жүр. Ең болмағанда үй емес, жер телімімен жарылқағанда жанұя осыншалықты сабылмас еді дейді көршілері.
Осылайша түске таяу опырылып құлаған үйдің басында отбасы мен тек көршілері ғана жүр. Далада бүрсең қағып, баспанасыз қалған жанұяның жағдайына бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Біздің түсіру тобы аудан басшылығына хабарласқаннан кейін ғана ауылдық округ әкімі төтенше оқиға орнынан төбе көрсетті.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=0jLIDKZPPRg[/youtube]
Алақанындағы аумақтың апатынан бейхабар шенеунік тек қас қарайғанда ғана қарекетке көшіп, жағдаймен танысты. Әкімдік өкілдері далада қалған отбасыға түнейтін жай табамыз деп уәдесін үйіп төкті. Кеш болса да әрекетке көшкен шенеуніктер бұл апат туралы ақпаратты ешкім берген жоқ деп ақталды.
Сөйтіп енді бірер күнге 4 балалы ананы жайғастыруға жай табылғанымен, тұрмысы төмен отбасының одан әрі қарай тұрақты баспанамен қамтылуы әзірге беймәлім. Сондықтан бұл жанұяның қақаған қыста далада қаламыз ба деген көкейінде үрейі басым.
Мақсат Жақсыбаев