Шымкент. 2020 жылға дейінгі даму жоспары

427
Шымкент - 2020

Шымкент алдағы бес жылда ақылды қала статусына ие болады. Ал жергілікті тұрғандар 2016-2020 жыл аралығында арнайы ережемен өмір сүреді. Шаһардың жаңа басшысы осының барлығын арнайы құжат етіп шығарыпты. Ол үшін екі ай уақытын сарп еткен.

Бір ерекшелігі, қала тұрғындарының өтініш-тілектері бас құжаттан тыс қалмады. Алдағы 5 жылда атқарылатын жұмыстардың таныстырылымына облыс әкімі және халық қалаулылары қатысып, құптады.

Шымкент - 2020

Бұл концепцияда қала тұрғындарын толғандыратын негізгі мәселелердің шешу жолдары көрсетілген. Қажетті инфрақұрылымдарды жетілдіру мен бизнеске қолайлы жағдай жасау, инвестиция көлемі мен туристердің санын арттыру қаралған.

Ұсынылған құжат Елбасының Қазақстан халқына жолдауларындағы басым бағыттары негізінде дайындалған. Бұл концепцияның түпкілікті мақсаты—Шымкент қаласын тұрғындарға ыңғайлы және қонақтарға тартымды етіп көрсететін республикадағы заманауи мегополиске айналдыру. Бұл жолда қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мынадай міндеттерді ортаға қойды:

1. Қала тұрғындарын толғандыратын негізгі мәселелерді шешу;

2. Қала тұрғындары мен қонақтарына қажетті инфрақұрылым жүйелерін жетілдіру;

3. Шымкентте бизнеске қолайлы жағдай жасау, инвестиция көлемі мен туристердің санын арттыру.

Ғабидолла Әбдірахымов

Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласының әкімі: «Қала экономикасына инвестициялар тарту үшін бізге жаңа жобалар қажет. Осы ретте «Тұран» шағынауданының солтүстік-батыс бөлігінен «Шымкент Сити» заманауи тұрғын және іскерлік орталығын салуды ұсынамын. Ол үшін алаңы 412 га жерді «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының құрамына енгізіп, инвесторларды ынталандыру қажет. Осы мақсатта арнайы заңға өзгерістер енізу жөнінде үкіметке ұсыныстар беріледі. Сонымен қатар «Тұран» шағынаудананың егжей-тегжей жоспарына өзгерістер енгізіп, инженерлік-коммуникациялық жүйелерді салу қажет.»

Бес жылға жоспарланған жобаны іске асыру үшін 600 млрд теңгеге жуық қаржы қажет. Бүгіндегі қаржылық тоқырауға қарамастан жобаны іске асыруға толық мүмкіндік бар. Ол үшін инвесторлар тартылады дейді қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.

Шаһар басшысы жасаған концепциясы қаладағы барлық саланы толығымен қамтыған. Ең бастысы, халыққа жағдай жасау мәселелері алғашқы орында.

Жолаушылардың сапалы әрі қауіпсіз көліктермен жүріп-тұруы да ұмыт қалмаған. Ол үшін алдағы жылдан бастап қоғамдық көліктердегі жолақысы 70 теңгеге қымбаттайды. Сондай-ақ, қаланың күре жолдарын кеңейту қарастырылыпты.

Бейбіт Атамқұлов

Шаһар басшылығының бұл ойларын облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов құптап қана қоймай, өз пікірін де ортаға салды.

Облыс әкімдігі

Бір сөзбен айтқанда, Шымкент қай бағытта, қалай дамитыны белгілі болды. Ендігі жерде сол жоспарды іске асыру — басты міндет.

Нұрлан Жаңабай