Шымкентте 4-қабаттан құлаған оқушы аман қалды

602
Жарақат алған жеткіншек

Шымкентте тағы бір мектеп оқушысы өзіне қол жұмсады. Бұл — Оңтүстікте соңғы аптада тіркелген үшінші келеңсіз оқиға. Бұл жолы №64 мектептің 11 сынып оқушысы төртінші қабаттан құлап кеткен. Абырой болғанда жеткіншек аман қалды.

Оқиға болған үй

Оқиға 3 қараша күні болған. Жеткіншек өзі тұратын пәтерінің терезесінен құлаған екен. Бұл уақытта үйде анасы және екі әпкесі болыпты. Туыстары бозбаланың мұндай қылығына түсінбей әлек.

Оқиға болған жер

Дәрігерлер 4-қабаттан құлап кеткен жеткіншектің аман қалғанына аң-таң. Десе де ауруханаға ауыр халде жеткізілгенін айтады. Қазір оның жағдайы өте ауыр.

Асқар Оспанәлиев, Шымкент қалалық жедел-жәрдем ауруханасының ревматолог-дәрігері: «Бізге 1998 жылы туылған науқас жеткізілді. Сағат 21:10 шамасында. Түскен кезде өте ауыр халде болатын. Бас-ми жарақаты, көкірек қуысы жарақатын алған. Оң иық сүйегінің жабық жарақаты, оң және сол жақ сан сүйектері, оң балтырының сүйегі сынған. Қазір комда жатыр. Жасанды өкпе аппаратына қостық. Қазір жағдайы бірқалыпты.»

Жарақат алған жеткіншек

Бұл оқиғаның себебін ешкім басып айталмай отыр. Оқиғаның анық-қанығын білу үшін білім ордасына арнайы бардық.

Гүлнұр Досан, №64 мектеп директорының орынбасары: «Сабаққа өте жақсы қатысып жүрді. Қыркүйек-қазан айларында сабақтан себепсіз қалмаған. Кешікпеген. Ұлттық бірыңғай тестке дайындалып, физика пәнін таңдаған бала. Кеше 6 сабаққа дейін қатысып кеткен. Түнде жағдайды естіген соң таңертең ауруханаға барып, анасымен жолықтық. Анасының айтуынша, кешкі сағат 7-8 кезінде, жұмыстан келген кезде балам терезеден қарап тұрған еді. Киімімді ауыстырып шығам дегенше балам төмен қарай құлап бара жатты дейді. Ұстаңдар деп айқайлап үлгергенше ұстай алмай қалдық.

Ұстаздарының айтуынша, балаға мектепте ешқандай ескерту жасалмаған. Оқу үлгерімі де қанағаттандырарлықтай екен. Енді бұл оқиғаның суицид немес жазатайым жағдай екені тергеу жұмыстарынан кейін анықталады.

Ернар Балабеков