Шымкентте «Кітапханадағы түн» акциясы өтті

702

Облыстық Отырар ғылыми-әмбебаб кiтапханасында «Кiтапханадағы түн» атты акциясы өттi. Акцияға облыс әкiмiнiң орынбасары, жастардың жанашыры Ерлан Айтаханов қатысты.

Ерлан Қуанышұлы акцияға қатысушылардың арасында алғашқы болып кiтапхананың абонементiне жеке кiтапша аштырды.

Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Отырар кiтапханасының тыныс-тiршiлiгiмен, бөлiмдерiмен танысты. Акция аясында Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы отан соғысына 70 жыл тақырыптарында жастар арасында викториналық жарыс өттi. Сұрақтарға дұрыс жауап берген студент жастарға Абайдың қара сөздерi, Шерхан Мұртазаның «Бiр кем дүние» кiтаптары сыйға берiлдi.

 

Қатысушылар арасында ең белсендi болған Бекзат Ахмедке Абай Құнанбаевтың 170 жылдығына орай «Абай жолы» романы арнайы сыйлық ретiнде берiлдi.

Бұл акцияның мақсаты жастарға кiтаптың маңыздылығын ұғындыру, кiтапхананың тұрақты оқырманы болуға шақыру еді. Қатысушылар арасында қала тұрғындары да болды.

Олардың пiкiрiнше, Шымкент қаласының тұрғындарын, әсiресе, аналар мен балалардың осында кiтап оқуына жағдай жасау керек. Кiтапхананың балалар әдебиетi бөлiмiнде кiтап қоры үлкен және көркем әдебиетті екі аптаға үйге оқуға тегiн алуға болады.

Осы iс-шара бастамасымен ендi әр айдың 30 күнi Отырар кiтапханасы түнгi 00:00-ге дейiн жұмыс iстейтiн болып келісілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама жастарға, қала тұрғындарына қатты ұнады.