Жедел жәрдем ауруханасы

Шымкенттегі Сабыр Рахымов атындағы республикалық әскери интернат-мектебінде курсанттар арасында жаппай төбелес болды. Соның салдарынан 10 адам ауруханаға түскен. Өзара екіге бөлінген сарбаздар жаппай жаға жыртысыпты.

Жедел жәрдем ауруханасы

Мектептегі тәртіп бұзылып, үлкендер мен кішілер арасындағы кикілжің салдарынан оқушылардың бір бөлігі қалалық ауруханаға жеткізілген. Ал жасы кәмелетке толмаған 4 жасөспірімге облыстық балалар ауруханасында алғашқы жәрдем көрсетілді. Кейінірек, алған дене жарақаттары жеңіл болғандықтан, зардап шеккендердің барлығы мектепке қайтарылды.

Оқиғаның себеп-салдарын білмек болған тілшілер тобы әскери мектепке кіре алмады. Қақпадағы кезекші сарбаздар басшы құрам жоқ деп, тілшілерді шығарып салды.

Бұл оқиғаға қатысты қылмысты іс қозғалғанын прокуроратура өкілдері хабарлады. Қазіргі таңда тергеу жұмыстары да басталған. Құзырлы орган өкілдері төбелес әліжеттіктен туындаған деп мәлімдеді.

Ернар Балабеков