Шымкенттің полицейлеріне әзәзіл көмектесті

Шымкенттің көшелерінде қара жамылғышпен тұмшаланған әзірейіл пайда болды. Жұртшылық оның әзәзіл немесе хэллоуиндегі қорқынышты кейіпкер екенін түсінбей дал. Ажал бейнесіндегі құбыжық, әсіресе, көлік иелерін көбірек маңайлады. Өйткені ол жол қауіпсіздігіне қатысты республикалық шараның басты кейіпкері болатын. Облыс орталығында «Жол қозғалысы қауіпсіздігі аптасы» акциясы басталды.

Әзәзіл

Түркістан бағытындағы Шымкент-Самара күре жолы бойында өлімнің бет пердесін киген жасөспірім жүргізушілерге жадынама таратып жүр. Бұған кәмелетке толмаған жолаушылардың қатысуымен жиілеп кеткен жол-көлік оқиғалары негіз болған.

Облыстық ішкі істер департаментінің мамандары берген мәліметтерге сүйенсек, биылдың он айында облыста 197 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 251 бала жарақаттанса, 23-і мерт болыпты. Қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған кезекті республикалық акцияға енді оқушылар да белсене кірісті.

"Қауіпсіз жол" акциясы

Мұхамед-Сұлтан Көпбаев, №8 мектеп-гимназияның оқушысы: «Құрметті жүргізушілер! Жолда абай болыңыздар. Жылдамдықты асырмаңыздар. Біздің құрдастарымыз жолда қайтыс болуда.»

«Жол қозғалысының қауіпсіздігі» республикалық акция сыаясында жүргізушілерге көлікте бүлдіршіндерді тасымалдау ережелері де ескерілді.

Жолдағы жазатайым жағдай ережені ескермегендіктен туындайтынын жұрт жақсы біледі. Бірақ, көп ретте соны сақтауда салақтық танытатыны жасырын емес. Мұны жүргізушілердің өздері де мойындады.

Әкімшілік полиция қызметкерлері ұйытқы болған акция 15 қарашаға дейін жалғасады. Осыдан соң апат саны айтарлықтай азаяр деген үміт бар тәртіп сақшыларында.

Шынар Оразова