Шымкенттің шала туылғандары мерекеге жиналды

467
Шала туылғандар

Шымкенттіктер шала туған балалардың халықаралық күнін атап өтті. Мерекелік шараға айы-күйі жетпей туылып, түрлі қиындықты артта қалдырған балдырғандар мен олардың ата-аналары қатысты. Ақ халаттылар бұл шараға жіті дайындалғаны соншалық, түрлі ойындар ұйымдастырып, қонақтарға тәттілер үлестірді.

Шала туылғандар

Лариса Панкратова осыдан бес жыл бұрын екінші перзентін мерзімінен бұрын босанған. Ауыр халде дүние есігін ашқан нәрестенің ол кезде салмағы бір келіден асатын. Ал қазір шалабайдың жағдайы жақсы. Анасы оны мерекеге ерте келіпті.

Лариса Панкротова: «Әлі есімде, екінші ұлым туылған кезде жапырақтай ғана болатын. Осы бас киімді кигізгенмін. Ал мынау — оның кішкентай ғана шұлықтары. Қанша уақыт өтсе де мен ол күндерді ұмытпаймын. Ең бастысы, дәрігерлерге рахметімді айтқым келеді. Баламның денін сау етіп жетілдіргендері үшін.»

№2 перинаталдық орталықта жылына 7000-ға жуық нәресте дүниеге келеді. Оның 1000-ға жуығы — мерзімінен бұрын дүние есігін ашқан сәбилер. Статистикалық мәліметке сүйенсек, уақытына жетпей туылған шақалақтардың 86 пайызға жуығы аман қалады.

Шала туылғандар

Перзентхана қызметкерлері шала туылған нәрестелердің халықаралық күнін атап өтуді дәстүрге айналдырған. Себебі осы перениталдық орталықта көбіне шалабайлар дүние есігін ашады. Ал олардың өмірін аман сақтап қалып, дені сау етіп жетілдіру — ақ халаттылардың басты міндеті. Сондықтан бұл мерекенің дәрігерлер үшін маңызы зор.

Осылайша бұл күн балғындар үшін ерекеше құрметке, қызыққа толы күн болды. Ал игілікті іске мұрындық болған №2 перинаталдық орталық қызметкерлеріне ата-аналар өз алғысын білдіріп, тарту жасады.

Лаура Мамырова