Келер жылы халық ең көп тұтынатын дәрі-дәрмектердің бағасы қымбаттамайды. Олар өткен жылы бекітілген бағамен сатыла бермек. Бұл туралы еліміздегі емдеу мекемелерін қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін «СК-Фармация» серіктестігінің басшылары мәлімдеді. Ал емдеу мекемелеріне қажет дәрі-дәрмектер желтоқсан айынан бастап жеткізіле бастайды.
Еліміздегі емдеу мекемелеріне қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін «СК Фармация» серіктестігі басшыларының сөзінше, келер жылы тапшылық болмайды. Ауруханалар мен емханаларға жеткізілетін дәрілер желтоқсан айынан бастап тасымалданады.
Серіктестіктің басқарма төрағасы Нұржан Әлімбаев тапсырыс жасалған дәрілер өткен жылғы бағамен сатылады дейді. Келер жылға жоспарланған дәрінің 70 пайызға жуығы, 198 түрі 12,5 млрд теңгеге сатып алынған. Десе де компания өкілдері қазір 12 облыста болып, емдеу мекемелерінің басшылығы тарапынан жасалып жатқан сын-ескертпелер мен ұсыныстарын тыңдауда.
Жиында емдеу мекемелерінің басшылары бірқатар дәрі-дәрмектердің жеткізілуін сынға алды. Мәселен, облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері науқастардың 80 пайызына жуығына аса қажет деген дәрілер алты айдан бері берілмей келеді десе, қаладағы емхана өкілдері балаларды егуге арналған вакциналар осы жылдың сәуір айынан бері жоқ, салдарынан егу шаралары айлап кешіктіріліп жатыр деп атап өтті.
Бұл мәселеге орай компания өкілдері өз жауаптарын берді. Айтуларынша, вакцина тапшылығы тек елімізде ғана емес, дүние жүзінде туындап отыр. Ал құрт ауруына шалдыққандар үшін дәрілер жақын арада жеткізіледі деп сендірді.
Қалай болғанда да айтылған сын-ескертпелер серіктестік басшыларының жіті назарында болады. Олар алдағы уақытта ақ халаттылар тарапынан айтылған барлық ұсыныс-пікірлерді республика көлемінде өтетін алқалы жиында талқылап, дәрі-дәрмекті кешіктірген мердігерлерге шара көреміз деп уәде етті.