Табиғи газ

Шымкенттегі «Солтүстік-Батыс» шағынауданының тұрғындарына көгілдір отын берілді. Қақаған қыста қалтырайтын болдық деп дабыл қаққан дүйім жұрттың тілегі орындалды. Тірлікті тындырамыз деп, құрылысын созбаққа салған мердігер жергілікті биліктің нұсқауынан кейін нақты әрекетке көшті. Енді аталған аумақтағы көшеге газ тартылып, көгілдір отынға қарқ болды.

Табиғи газ

Алғашқылардың бірі болып көгілдір отынға қол жеткізген Ғалия Қырықбаеваның төбесі көкке бір елі жетпей қалды. Бес жыл бойы сығымдалған газды пайдаланған келіншек, балонды жиі алмастырумен әуре болған күндер артта қалды деп қуанады.

Осыдан екі жеті бұрын көпшіліктің ашына айтқан уәжі жергілікті биліктің құлағына жетті. Бюджеттен бөлінген қыруар қаржыны алған мердігер сылбыр жүріске салынғанын сол кезде тұрғындар түсіндірген болатын. Ал 601 млн тенгені игерген «Алаш Оңтүстік» мекемесінің де өз айтар уәжі бар болып шықты. Екі жақтың мәселесіне қанық шенеуніктер шу шығысымен-ақ көгілдір отынды қосуға әрекет жасапты.

2600-ге жуық тұтынушыға газ беруге міндеттелгендер әзірге 7 көшеге көгілдір отын кіргізіп берді. Енді үй тұрғындары құжаттарын рәсімдеуді тездетуі тиіс. Ал оған айға жуық уақыт қажет дейді «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесінің мамандары.

Қыстың көзі қырауда көпшілік көтерген бұл мәселе еш қиындықсыз шешімін тауып келеді. Ал жергілікті жұрт мердігер ісін мінсіз атқарғанда, өткен аптадағыдай айқайсыз-ақ тірлік тынар еді дейді.

Нұрлан Жаңабай