Созақ жастар орталығы белсенді жұмыс атқаруда

521

Созақ ауданында 14 776 жас бар. Олар үшін жастар орталығы жұмыс жасайды. Мұнда Елбасының жастар саясатын жүзеге асыру жүйеге қойылған. Орталық белсенділері түрлі тақырыпта іс-шара ұйымдастырып қана қоймай, жастар арасындағы өзекті мәселелердің шешімін табу үшін жұмыс жасайды.

Серік Маманов — теріскейлік жастардың көшбасшысы. Орталық құрылғалы жас толқынды басқарып, бағыт-бағдар беріп келеді. «Жыл патриоты-2014» жастар сыйлығы жобасын іске асыру бойынша «Үздік жастар орталығы» аталымын жеңіп алды. Аудан жастарының жанашыры сол жеңістің тұғырынан көрініп, атағын сақтап қалу үшін тынбай еңбек етеді.

Серік Маманов, Созақ аудандық жастар орталығының директоры: «Біздің жастар орталығына биыл 30 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. 28 маман жұмыс істейді. 12 ауыл әкімшілігінде 12 маманымыз бар. Ең алғашқы ауыл әкімшіліктерінен маман бөлген — біздің ауданның әкімшілігі. Арнайы штат бөлінген. Жастарға барлық жағдай жасалған. Тек жұмыс істесе болғаны.»

Жастардың кәсібилігін арттырып, қоғамдағы рөлін айқындап отыратын орталық түрлі шара ұйымдастырады. Тың жобаларды көтереді. Жуырда ғана букмекерлік кеңселерді жабу жобасын ұсынды. Осылайша қаржысын көкке ұшырып, жас отбасын талқандайтын жат қылықтардан жастарды аулақ болуға шақырды.

Оңай ақша табамын деп бәс тігіп, артынан опық жеп қалатындар саны арнайы жиында жария етілді. Тіпті, маңдай термен тапқан ақшасынан бір сәтте ұтылып, бармақ тістеп жатқандар да көп екен. Мұның соңы суицидке соқтырып, адам өмірін жалмап жатыр. Қоғамда орын алып отырған осындай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында ұйымдастырылған жиынға аудан әкімі, аудан әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, депутаттар мен мектеп директорлары, аудан жастары қатысты.

Жастар орталығының басшысы Серік Маманов егеменді елдің есті ұрпағын кәсіпкер болуға шақырады. Білім алып, ауылды көркейтуге атсалысуға шақырады.

Серік Маманов, Созақ аудандық жастар орталығының директоры: «Көп жастарымыз жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін ауылға келгісі келмейді. Біз бітіруші түлектермен форум жасап, ауылға еңбек етуге шақырдық. Әсіресе, математика және ағылшын тілдерін оқып жатқан жастармен сөйлестік.  Ауылға келіп, қызмет етуге өтініш білдірдік. Бұйырмадық, тек ауылға шындап жандарың ашыса, оны көркейту үшін атсалысыңдар дедік».

Мамандар жастардың бос уақытын тиімді пайдалану арқылы қылмыстың алдын алу үшін шалғай жатқан ауылдарға барып, ауыл округ, кент жастарымен кездесу өткізеді. Белсенділер Тасты, Шу, Қыземшек, Жуантөбе ауыл округтерінде болып, кешқұрым ауыл жастарының немен айналысатынын бағамдап, жоспар құрады.

Айтпақшы, Созақ жастар орталығы келер жылдан бастап жаңа ғимаратқа көшеді. Ол үшін аудан орталығынан ғимарат беріліп, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу құны мен сметалық құжаты дайындалып қойыпты.

Осылайша өзін-өзі басқаруды жолға қойып, жастардың жеке отауы құрылмақ. Теріскейлік белсенділер ауыл жастарының абыройын арттыру үшін аянып қалмаймыз деп отыр.