Тұран ауданында жастар ресурстық орталығы ашылмақ

0
фото bugin.kz

Шымкентте жастар саясаты жүйелі түрде жүзеге асып жатыр. Бүгінде қала халқының 32 пайызын жастар құрайды. Олардың жан жақты дамуына 4 ауданда жастар ресурстық орталығы ашылған.

Алдағы уақытта Тұран ауданында да аталған нысанды ашу жоспарлануда. Онда 5 бағыт бойынша жұмыстар жүргізіледі. Атап айтқанда, коворкинг, кітапхана, психологиялық көмек, жастарға қызмет көрсету және шығармашылық қолдау көрсетіледі.

Сонымен қатар NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу үшін жұмыссыз жүрген 29 807 жастың тізімі жасақталған екен. Жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған мобильді топ «Жастар практикасы», «Ақылы қоғамдық жұмыс», «Алғашқы жұмыс орны», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламалары бойынша қала базарларында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылған.

Бүгінде жастар арасында ең өзекті мәселе – нашақорлық пен лудомания. Жастар ресурстық орталығы Шымкент қаласы Полиция департаментінің есірткіге қарсы күрес басқармасы мамандарымен бірлесе есірткі жарнамасының алдын алу мақсатында «STOP: Есірткіге жол жоқ» акциясын қолға алып, сауда нүктелерінде, саябақтарда түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Жоғары және орта арнаулы оқу орындарында нашақорлықтың зияны туралы кездесулер өткізіліп, оған 3600-ге жуық жас қамтылған.