Төтенше жағдай қызметкерлері мен газ тарату мекемесінің мамандары дабыл қағуда. Жылу беру маусымы басталғалы облыс аумағында, әсіресе, Шымкент қаласындағы тұрғын үйлерде иісті газбен улану фактілері толастамай отыр.
Сала мамандары мұны жылу қондырғыларын пайдалануда ережелердің өрескел бұзылуымен түсіндіруде. Халық арасында қауіпсіздік шаралары жайлы үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, БАҚ арқылы ақпарат таратылғанына қарамастан тұтынушылар өз өмірлеріне немқұрайлылық танытуда дейді мамандар.
Оңтүстік өңірінде төтенше жағдайлардан қайтыс болғандар саны мен материалдық шығындар көрсеткіші артқан. 2015 жылдың 10 айында өңірде 1000-нан аса оқыс оқиға тіркелген. Соның салдарынан 500-ге жуық жан зардап шегіп, 100 адам қайтыс болды.
Жан түршігерлік сандарды төтенше жағдай қызметкерлері тілшілерден жасыра алмады. Ең сорақысы, жылу беру маусымы басталғалы иіс газынан уланудың 8 оқиғасы тіркеліп, 16 адам зардап шеккен. Оның 4-уі қайтыс болыпты.
Газбен уланудың қайғылы оқиғалары, біріншіден, желдеткіш жүйелерінің бұзылуынан, газ қондырғыларын дұрыс қолданбау салдарынан орын алады дейді мамандар. Газ қазандықтарын жөндеуге және ауыстыруға газ шаруашылығы маманы ғана құқылы, алайда бүгінде тұтынушылар ақшасын үнемдеп, өзгелерге сенеді. Ал оның соңы қайғылы аяқталуы әбден мүмкін.
Төтенше жағдай қызметкерлері алдағы мереке күндерінде қауіпсіздік шараларын аса мұқият сақтауға шақырады. Қыс бойғы 4 ай жылу беру маусымында жылыту қондырғылары мен мұржаларды жіті қадағалап, мамандарға тексертуді ескертеді.
Сондай-ақ, өңірде өрт оқиғасы да көбейген. Сандарды сөйлетсек, биыл 725 өрт оқиғасы тіркелді, 32 адам зардап шегіп, 9 адам көз жұмған. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 11 пайызға артық. Өткен жылы тіркелген өрт оқиғасының саны — 654.
Шынар Оразова